389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ескертуді елемеген құрылыс компаниялары лицензиясынан айырылатын болды

  • 118
  • UPD: 21:10, 01.10.2019

Елордада жыл басынан бері 4 құрылыс компаниясы лицензиясынан айырылды.

Жоспардан тыс тексерулердің нәтижесінде 278 құрылыс субъектісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Көбісі сын-ескертпелерді елемеген. Қызметіне жүрдім-бардым қарап, құрылысты сапасыз жүргізгендері тіпті көп.

Жыл басынан бері әкімдікке осы құрылыс сапасына қатысты тұрғындардан 40 мыңға тарта шағым түсіпті.

Айнұр Қуатқызы, тілші:

- Міне, бұл – елордадағы жаңа тұрғын үйлердің бірі. Бір қарағанда бәрі айнадай жылтырап тұр. Дегенмен, мұнда да кемшін тұстар көп. Солардың бірі міне, балалар ойнайтын алаңның сиқы мынау.

Жаңа үй, тек ауласында бала түгілі үлкен кісінің өзіне аяқ алып жүріу қиын. Ойлы-шұңқыры көп жүргіншілер жолының, сын көтермейтіні көзге көрініп-ақ тұр. Бір ғана бұл емес, елордада осындай «сырты бүтін, іші түтін» тұрғын үйлер көп. Тұрғындар да бұндайдан әбден жалықса керек, әкімдік пен «Nur Otan» табалдырығын тоздырыпты.

Анар Бағзұмова қала тұрғыны:

- Бұл үйде 2017 жылдан тұрамыз. Содан бері күттік, балалар ойнайтын жер, паркинг жоқ. Көріп тұрсыздар, үйдің сырты құлап жатыр. Канализация луктері шығып жатыр.

Ал, бас шаһар басшысы Алтай Көлгінов бүгін дәл осындай сапасы сын көтермейтін құрылысқа жауапты компания басшыларымен кездесті. Кездесіп қана қоймай, бірқатар сын-ескертпелерін беттеріне басып көрсетті. Бұл жолы қаладағы айта-айта «жауыр» болған «сақалды» құрылыстар емес, су жаңа тұрғын үйлердің қасбеті мен ауласына, көлік тұрағы мен жедел сатыларына сын айтты. Ескертпелерді ескермегендер әкімшілік жазаға тартылады.

Алтай Көлгінов, қала әкімі:

- Өкінішке орай кейбір құрылыс компаниялары өз міндетін уақытылы атқармайды. Сондықтан оларға тиісті шара қолданамыз. Біріншіден, «қара тізімге» алдағы уақытта сол кәсіппен айналысуға шектеу қоямыз. Құрылысшы компания өзіне артылған міндетті орындау керек. Қаражатты біз береміз ғой. Ол жұмыс жасамаса, біз қалай береміз.

Өткен жылы осындай ескертпелерді «құлаққа ілмеген» 428 құрылыс компаниясы әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Қазір 280 көппәтерлі үйде құрылыс жұмыстары қайта жүргізіліп жатыр.

Тағы бір айта кетерлігі, Нұр-Сұлтанда әлі күнге дейін 26 апатты үй бар.  Оның 12-інің тұрғындары жыл соңына дейін жаңа баспанамен қамтылады. Ал, қалғаны  кестеге сәйкес екі жылдың көлемінде көшірілмек.

Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Ерлан Наурызбаев

Хабар 24 телеарнасы