389,53 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Оралдағы құрылысы бітпей тұрған нысандарды комиссия тексереді

  • 113
  • UPD: 22:47, 01.10.2019

Оралда да ондаған жыл бойы құрылысы тұралап қалған нысандар бар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір қаңырап, иесіз ит пен құстың мекеніне айналған.

Ерденбек Жылқайдарұлы, тілші:

- Мына 10 қабатты тұрғын үй қаланың қақ ортасындағы Абай алаңында, шаһардың тарихи бөлігінде орналасқан. Негізінен 2-3 қабаттан құралған ғимараттардың сәулет композициясына кірікпейтіні өз алдына, 10 шақты жыл бойы қаңтарылып тұр. Күнде көргесін әкімдердің де көзі үйренген сыңайлы, «неге тұр» деп жатқан ешкім жоқ. Ал мына тұрғын үйде 2010 жылы қоныс тойы тойлануы тиіс еді. Бірақ бүгінде қаңғыбас-кезбелер мен бұралқы ит-мысықтың мекеніне, автобус жүргізушілерінің әжетханасына айналыпты. Мердігер – елордалық мекеме екен. Айтуларынша, банктен несие алған. Қымбатшылықтың кезекті толқыны соққанда қолдағы қаржыға құрылысты аяқтай алмай қалған.

Әлия Мұсабаева, құрылыс компаниясының өкілі:

- Банк тарапынан уақтылы қаржы бөлінбегесін, біздер қосалқы мердігерлермен де келісімдерді үздік. Өйткені оларға ақша төлей алмадық. Бір проблеманың артынан өзгесі де туындады.

Өз кезегінде қарызын қайтара алмаған компанияны банк сотқа сүйрейді. Есепшоттар тұтқындалғасын, құрылыс та тоқтайды. Қазір нысан бәссаудаға шығарылған. Құны – 240 миллион теңге.

Болат Нұртазин, жеке сот орындаушысы:

Компанияның қызметкерлері алдындағы қарызы 10 миллион теңгеден асады. Соған байланысты бітпеген құрылысқа шектеу қойылды. Бұл нысан бірнеше мәрте саудаланды. Бірақ ешкім қызықпады.

«Сақалды құрылысқа» қызығушылар табылған жағдайда да жаңа қожайын ең алдымен техникалық сараптама жүргізуі міндетті. Өйткені ұзақ уақыт күннің көзінде, жауын-шашында тұрған құрылыстың беріктігі кемитіні бесенеден белгілі.

Темиржан Шәкіржанов, Орал қалалық құрылыс бөлімінің басшысы:

- Уақыт өте келе табиғи жағдайларға байланысты бетонның сапасы жойылады. Сол себепті тиісті техникалық зерттеулерден соң бұл үйді пайдалануға беруге бола ма, жоқ па, сол жөнінде тиісті қорытынды шығарылады. Пайдасыз болған күнде толықтай бұзылуы да ғажап емес.

Қазір қаладағы «сақалды құрылыстардың» санын анықтап, алдағы тағдырын айқындау мақсатында өңір басшысының тапсырмасымен ведомствоаралық комиссия құрылуда. Әрбір қараусыз ғимараттың жай-күйі жан-жақты зерделеніп, апатты күйдегілерін бұзу туралы шешім шығарылмақ.

Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Р.Ғазезов

Хабар 24 телеарнасы