389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қызылорда облысында ҰОС ардагеріне құрмет көрсетілді

  • 202
  • UPD: 23:26, 01.10.2019

Қызылорда облысы Қармақшы ауданында Ұлы Отан соғысының жалғыз ардагері тұрады.

Қуанышбай Бейсенбаев бүгінде 95 жаста. Халықаралық қарттар күні қазыналы қарияға үзілмес үрдіске сай құрмет көрсетілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қармақшының Жаңажолында жарық дүние есігін ашқан Қуанышбайдың пешенесіне не бәрі 17 жасында оқ пен оттың ортасында Отанын қорғау жазылған екен. 1943 жылы әскер қатарына алынған ол Жапон соғысындағы шешуші шайқастарға қатысқан. Қытай жерінде жау бекіністерін ойрандаған оғлан тек 7 жылдан кейін ғана туған жерге оралады.

Қуанышбай Бейсенбаев, Ұлы Отан соғысының ардагері:

Германияда болдым, Жапонияда болдық. Аман келдік әйтеуір. Аллаға жағам десең, азанды бол, ағайынға жағам десең, қазанды бол. 100-ге, 90-ға келіп жүре беріңдер.

Соғыс ардагеріне ұлы жеңістің 70 жылдығында баспана сыйға берілген болатын. Ал өткен жылы сол үйін кеңейту мақсатындағы құрылыс жұмыстарына жергілікті жомарт жандар жәрдемдескен екен. Осы үзілмес үрдістің ізімен қазыналы қарияға бүгін Халықаралық қарттар күніне орай аудан басшылығы сый-құрмет көрсетті.

Қуанышбай Бейсенбаев соғыстан кейін ауылшаруашылығында тер төгеді. Зейнетке шыққасын «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» дейтін тәмсілдің аманатын орындауға кіріскен.

Дүриякүл Бейсенбаева, Қ.Бейсенбаевтың қызы:

- Зейнетке шықтым деп қарап отқан жоқ. Бақша егеді, біз ештеңе сатып алмаймыз. Қыстың қамын өзі істеп алатын. Қорасының бәрі жайқалып тұр. Осы кісінің бастап бергені. Қазір оның үстіне інім де соны жайқалтып отыр.

Жиырмадай немере 15 шөбере мен шөпшек сүйген Қуанышбай қарияның жиі қайталайтын бір ғана тілегі бар. Әлемде ешқашан соғыс оты тұтанбасын.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов

Хабар 24 телеарнасы