389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматыда қос бүйрегі ауыстырылған келіншек дүниеге сәби әкелді

  • 159
  • UPD: 10:37, 02.10.2019

Алматыдағы Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығының дәрігерлері бүйрегін ауыстырған келіншекті операция арқылы босандырып алды.

Қазір мезгілінен бұрын дүниеге келген сәби де, оның анасы да өздерін жақсы сезінуде. 

7 жыл бұрын аяқ-қолы ісіп, екі бүйрегі бірдей істен шыққан Майра Туғанбайға дәрігерлер созылмалы гломерулонефрит деген деген диагноз қояды. Дәрігерлер оған дерттен айығудың бір ғана жолы бүйрек ауыстыру қажеттігін айтқан. Сөйтіп, 2014 жылы 7-қалалық клиникалық ауруханасында трансплантация жасалады. 

Майра Туғанбай, қала тұрғыны:

- Донор туған әпкем болды. 2014 жылдың сәуірде операция жасалды. Сол операциядан кейін 5 жылда мені ештеңе мазалаған жоқ. Құдайға шүкір тұрмысқа шықтым. Тұрмысқа шыққан соң бала көтеру жайлы ой болды. 

Алайда, медицинада мұндай ауыр диагнозбен бала көтеріп, оны уақытына дейін жеткізіп босануға рұқсат етілмейді. Себебі әйелдің өміріне қауіпті. Дегенмен, Майра тәуекелге бел буып, білікті дәрігерлердің жіті бақылауымен жүктілікті жоспарлайды. 

Майра Туғанбай, қала тұрғыны:

- Құдайға шүкір көтердім. Ол кісінің айтқанының барлығын істеп отырдым. Дәрілер ауыстыр десе ауыстырып, анализ тапсыр десе тапсырып, қай күні кел десе сол күні барып жүрдім. Құдайға шүкір, балам да аман сау, өзім де аман сау. Көп-көп мың да бір рахмет деймін ол кісілерге. 

Отбасы көптен күткен сәбидің есімін ата-анасы Әсел деп қойыпты. Өмір есігін ашқанына екі-үш ақ күн болған бүлдіршіннің де, анасының да жағдайы қазір жақсы.

Равиль Ибрагимов, Сызғанов атындағы хирургия орталығы трансплантация бөлімінің жетекшісі:

- Өте ұзақ жоспарладық. Себебі мұндай емделушілерде жүктілік кезеңі өте ауыр өтеді. Түрлі асқынулар болуы мүмкін. Жан жақты дайындықтан кейін бала көтеруге мүмкіндік бердік. 8 ай бойы Майра біздің бақылауымызда болды. Профессор Баймахановтың басшылығымен бірнеше рет консилиум өтті. 

Майра Туғанбай аталған диагнозбен өмірге бала әкелген алғашқы пациент. Дәрігерлер мұндай қадамға ананың денсаулығында барлық көрсеткіштері нормаға сай келгенде ғана баруға болады дейді. 

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Радик Жақыпов

Хабар 24 телеарнасы