389,71 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ШҚО-дағы аңшылық маусымы әлем туристерінің назарын аудартып отыр

  • 189
  • UPD: 11:38, 02.10.2019

Ел шығысындағы аңшылық маусымы әлем туристерінің назарын аудартып отыр. Әсіресе Зайсанның табиғаты мен аң-құсына қызығатындар көп.

Ауданның иесіз жатқан жерлерін игеруді қолға алған Аэлита Ахметсәлімқызы туристерді тартумен айналысып отыр. Аумақтың тазалығы мен қауіпсіздігіне де өзі жауапты. Аң-құс көп мекендейтін өлкеге жету қиын бірақ. Зайсандықтар мемлекет тарапынан осы инфрақұрылым мәселесіне мән берілсе дейді. 

Зайсандағы аңшылық қожалығы Қытаймен шекаралас аумақтағы Сауыр жотасында орналасқан. Тау қыраттары егінге жарамсыз болғандықтан түртілмеген жабайы табиғат сақталып қалған. Құралайды көзге атқан мерген, кәнігі аңшы Аэлита Ахметсәлімқызы саятшылық құруға құмар саяхатшыларды өзі күтіп алып, бірге жүреді. 

Аэлита Ахметсәлімқызы, аңшылық қожалығы жетекшісі:

- Аңшылық деген міндетті түрде қару кезеніп, жан-жануарды атып алу деген сөз емес. Тылсым табиғатпен тілдесіп, таудың саф ауасымен тыныстап, ой сергіту деп ойлаймын. Жалпы Зайсан ауданында экотуризмді жандандыруға көп аумақтар бар.

Сондықтан болар әлемнің түкпір-түкпірінен саяхатшылар осында ағылып келеді.

Евгений Ланге, аңшылық қожалығының менеджері:

- Франция, Германия, Швейцария, Дания және Америка Құрама Штаттары мен Австралия аңшылары біздің тұрақты қонақтарымыз. Одан бөлек әрине ТМД аумағынан келетіндер көп. Біз Еуропаның аңшылық агенттіктерімен тығыз байланыстамыз. 

Аң аулап, сейіл құруды жиі құп көретін ағайынды Кранц ат терлетіп сонау Германиядан келіпті. Кәрі құрлықтағы отанына олжалы ораламыз деген дәмелері де зор. 

Клаус Кранц, турист (Германия):

- Қазақ жеріне алғаш аяқ басуымыз. Бірақ қансонарда қыран құс шалдырып, құмай тазы жүгіртетін ел туралы естігеніміз көп. Бізде жабайы аң аулайтын мұндай аумақтар жоқтың қасы. Сондықтан құрлық асып келіп тұрмыз. 

Шетелдіктер таңдай қағып, тамсанатын бұл аумақтарды ұстап тұру оңай шаруа емес. 30 қорықшы орман-тоғайды қорғап, аң-құстың қорексіз қалмауын қадағалап отырады. Қазіргі таңда жабайы маралдың мың бастайы жайылып жүр. Қожалық жұмысшылары жуырда қырғауыл асырауды қолға алды.

Марина Казанцева,қожалық жұмысшысы:

- Жетісулық қырғауылға қырғидай тиетін браконьер көп. Біз өсіріп, 100 басқа жеткізіп, табиғатқа қайта жібереміз. 

Қырғауылды көптеп өсіруге орталықтандырылған электр желісінің жоқтығы қолбайлау болып тұр. Жарықты әзірге шағын гидроэлектростанция таратып отыр. 

Дулат Бақтыбаев, қожалық жұмысшысы:

- Қанша қуат жұмсалатыны туралы айтып жатыр. 

Жалпы айтақанда инфрақұрылым - қожалықтың басты мәселесі. Электр желісі тартыла бастаған сыңайлы, бірақ жолдың жыры таусылар емес. Әсіресе осы таулы алқапқа өтер тұстағы көпірді жөндеу керек. Зайсандықтар қатынас түзелсе, аңшылық туризм жандана түсетінін айтады. 

Авторлары: Қамбар Бекенов, Анель Есенбердина, Аслан Төлепов

Хабар 24 телеарнасы