389,53 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


БЖЗҚ халық қаражатын қалай жұмсап отыр?

  • 169
  • UPD: 20:48, 02.10.2019

«Біріңғай жинақтаушы зейнетақы қорының» орталық аппараты қаржы үнемдеуді білмейді.

Күнделікті қолданатын ұсақ-түйек заттарды қыруар ақшаға сатып алады. Танымал заңгер Жангелді Сүлейменов пен заңгерлер қауымдастығының өкілдері осылай дейді.

Әлеуметтік желіде көтерілген мәселе қазір қоғамда қызу талқыланып жатыр. Заңгер мен оның әріптестері зейнетақы қорының үстінен сотқа шағымданды. Олар жақында өткізілген қор активтерінің аудитін заңсыз деп тануды сұраған. Ал екінші тарап не дейді?

Аудит үшін зейнетақы қоры 43 млн теңге төлеген. Заңгер Жангелді Сүлейменовтің айтуынша, аудит өрескел қателіктермен жүргізілген. Сондықтан заңсыз деп танылуы тиіс. Тәжірибелі заңгер «қор мемлекеттік сатып алу арқылы қаржыны оңды-солды шашып отыр», - дейді. 2018 жылы зейнетақы қоры жарнама мен маркетинг үшін 2 77 млн теңге жұмсаған. Әр адам зейнетақы салымын төлеуге міндетті болса, жарнама не үшін деген заңды сауал туындайды. Заңгерлер қауымдастығының өкілдері де мұны түсінбей әлек.

Станислав Лапатин, заңгер:

– Біріншіден, зейнетақы жинақтаушы қоры ондай қаржыны қайдан алып отыр? Заң бойынша қор өз қызметі үшін комиссиялық сыйақы алады. Мысалы, 2018 жылы 14 млрд теңге сыйақы алған. Яғни жұмыс берушінің ақшасын Ұлттық банкке аударып отырғаны үшін заң бойынша алып отыр. Жақсы, бұл заңды дейік. Ал 49 млрд теңге инвестициялық кіріс үшін сыйақыны неге алғаны түсініксіз. Оған қордың қатысы жоқ қой. Ол Ұлттық банктің қызметіне кіреді.

Заңгердің айтуынша, зейнетақы қорының 5 басшысының әрқайсысына орташа есеппен айына 2,5 млн теңгеден жалақы төленеді екен. Министрден көп алатындай қандай қызмет көрсетіп отыр?, - дейді заңгер.

Станислав Лапатин, заңгер:

– Қордың 1 500 қызметкерінің жылдық жалақы қоры 7, 2 млрд теңгені құрайды. Яғни орта есеппен әр қызметкер 400 мың теңгеден алады дейік. Әрине, өңірлерде аз болуы мүмкін. Бұл қаржының басым бөлігі жоғарғы аппаратқа тиесілі деп ойлаймын.

Сандарды сөйлетсек. Мемлекеттік сатып алу бойынша тендердің нәтижесін көрген заңгерлер таң қалып отыр. «Себебі есептей келе, қыруар қаржының ысырап болып жатқанына көз жеткіздік», – дейді. Мәселен, зейнетақы қоры орталық аппартының 434 қызметкеріне жылына 24 мың орам әжетхана қағазы сатып алынған көрінеді. 24 мыңды 249 жұмыс күніне бөлгенде, күніне 96 орам немесе 2214 метр қағаз жұмсалады. Яғни бір қызметкерге 6 метрге жуық қағаз тиесілі. Ол аздай, бас кеңседегі әр қызметкердің қойын дәптерінің құны 5 мың теңгеге жуық. Ал кеңсе заттарын сататын дүкендерде бұл бағадан бірнеше есе арзанға қойын дәптер алуға болады. Көтерме баға тіпті арзан.

Айдана Қалиева, менеджер:

– Біздің дүкендер желісінде блокноттың бағасы 700 теңгеден 5 мың теңгеге дейін. Ол көлеміне, бетіне, сыртқы қаптамасына байланысты.

Мәселенің мән-жайын түсіндіруді сұрап, зейнетақы қорына хабарластық. Алайда қор өкілдері қолдарының тимейтінін айтып, камера алдына жауап беруден бас тартты. Қағазға жазып жолдаған мәліметтеріне көз жүгіртсек. Онда қор қызметіне қатысты әлеуметтік желіде тараған ақпараттарды жалған, оған сенуге болмайды деп көрсетіпті. Сосын былтырдан бергі алған сыйақылары мен жұмсаған қаржыларының есебін тізген. Жинақтаушы зейнетақы қорының меншікті активтері бойынша 2018 жылы салық салынғаннан кейінгі таза пайда 41,3 млрд теңгені құраған. 8,6 млрд теңге пайда салығы төленген. Ал комиссиялық сыйақы жөнінде 2019 жылы инвестициялық табыстың 5,0 проценті және зейнетақы активтерінің айына 0, 015 процентін құрағанын айтқан. Қордың мәліметінше, 2014 жылдан бері комиссиялық сыйақы көлемі азайған. Ұлттық банк әлі де төмендетуді жоспарлап отыр. Әкімшілік шығындарын да есептеп жазыпты. Айтуларынша, жұмсалған қаржы халықаралық қаржы есептеу стандарттарына сай. Яғни қор қаржыны орнымен жұмсап отырмыз дейді. Ал заңгерлер алда өтетін сот отырысына дайындалып жатыр. Істің ақ-қарасын сот шешеді.

Авторлары: Ақсәуле Байменшина, Ержан Рахманбердиев

Хабар 24 телеарнасы