388,95 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қостанай облысында азық-түлік бағасын тұрақты деңгейде ұстау үшін кәсіпкерлерге субсидиялар берілуде

  • 175
  • UPD: 20:53, 02.10.2019

Азық-түлік тауарларының бағасын тұрақты деңгейде ұстау үшін Қостанай облысында кәсіпкерлерге субсидиялар беріліп жатыр.

Талап бойынша дүкендер әкімдік бекіткен тізімдегі тауарларды белгіленген бағамен сатады. Оған үстеме ретінде 10 теңгеден артық қоса алмайды. Бүгінде кәсіпкерлерге берілген бір жылдық қарыз көлемі 300 миллион теңгеге жуықтайды. 

Майра Досова күнделікті бөлке нанды осы жерден сатып алады. Айтуынша, бағасы тұрақты. Ал өзге дүкендерде бірінші сұрыпты ас атасының құны 5-6 теңгеге қымбат.

Майра Досова, қала тұрғыны:

– Бұл дүкенде нанның бағасы – 78 теңге. Басқа дүкендерде қымбат. Сондықтан осы дүкенге келеміз. Басқа да жеміс-жидектерді осы дүкеннен аламыз. Өйткені бағасы әлдеқайда арзан.

Нан бағасы аспандап кетпес үшін жергілікті билік наубайханалармен меморандумдар жасасты. Оған сәйкес арнайы диірмен кешені оператор ретінде айқындалған. Оның міндеті шикізатты нан өндірушілерге нарықтағыдан әлдеқайда арзан бағаға өткізу. 

Төлеутай Ержанов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

– Ұнды наубайханаларға келісін 94 теңгеден жібереді. Ал наубайханалар нанның бағасын 80 теңгеге өндіруі тиіс және дүкендерде 83 теңгеден сатылуға тиіс.

Әлеуметтік маңызға ие азық-түлік тауарларының бағалары жергілікті биліктің жіті қадағалауында.

Қант, жұмыртқа, күріш, сиыр еті сияқты 13 атауы бойынша бағаларын бастапқы деңгейіне түсіру үшін тауарлық интервенция жүргізілген. Соларды облыстағы 120 дүкендерге шығарып, нарықтағы бағаны ұстауға тырысып жатыр.

Жанар Нұржанова, сауда орнының басқарушысы:

– Біздің сауда орнында май, сүт, нан, көкөністер қымбаттамайды. Бағалар әкімдікпен белгіленген. Тауарлар тез арада саудаланып таусылып жатса да, бағалары өзгермейді.

Тұрақтандыру қоры да қымбатшылықпен күресте оң септігін тиігізіп жатыр. Қорда қазір 968 млн теңге сомасында 6 мың тоннадан артық азық-түлік бар. Өнімдер ай сайынғы ауыл шаруашылығы тауарларының жәрмеңкесінде арзан бағамен саудаланады.

Аворлары: Данияр Сұлтан, Ермек Мұхамедияров

Хабар 24 телеарнасы