389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Асқар Мамин жұмыс сапарымен Түркістан облысына барды

  • 166
  • UPD: 22:09, 02.10.2019

Премьер-министр Асқар Мамин еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркістан облысын дамыту жөніндегі тапсырмаларын орындау мақсатында жұмыс сапарымен өңірге барды.

Сондай-ақ осы сапар аясында Үкімет басшысы Шымкент қаласындағы шағын елді мекендерге инфрақұрылым тарту, туризм саласы мен өнеркәсіпті дамыту жайымен танысты. Түркістан қаласына да ат басын бұрып, ондағы жаңа әкімшілік және іскерлік орталықтағы құрылыс жұмыстарының жайын тексерді.

Үкімет басшысына әуелі Шымкент әуежайы маңында бой көтеретін сағатына 400 жолаушыны қамтитын жаңа терминалдың жобасы ұсынылды. Терминал 2020 жылдың қазанына дейін салынып бітеді деген жоспар бар. Бұдан соң Асқар Мамин қала маңындағы 195-орамда орналасқан «Бадам» тұрғын үй кешенінің инженерлік инфрақұрылымының жай-күйімен танысты.Бұл елді мекендер шаһарға бір кездері Сайрам ауданынан қосылған. Мұндағы халыққа қазір ауыз су, газ, жол және электр желілері тапшы. Биылғы жылы жарық мәселесі шешімін таппақ. Оған бюджететн 244 миллион теңге бөлінген.

Ғабит Мәуленқұлов, Әл-Фараби ауданының әкімі:

– Ең бірінші проблема бұл – инфрақұрылым мәселесі. Бұған тиісті басқармаларға ұсыныс берілді. Күнделікті жұмыстардың арқасында биылғы жылы 195 орамда қазіргі таңда электр жарығы жүргізіліп жатыр. Ол енді жылдың аяғына дейін берілуі керек. Бірақ қазан айында тапсырамыз деп мердігер мекеме айтып отыр. Одан бөлек, ауыз су мәселесіне байланысты, одан кейін табиғи газ мәселесіне жобалық-сметалық құжаттамалар дайын. Соған қазір ақша бөлдіру мәселесі. Келесі жылға ақша бөлдірсек, ал келесі жылы ауыз су мәселесін шешсек деп отырмыз.

Сапар барысында Үкімет басшысына Шымкент қаласындағы жоғары сапалы орталық сумен жабдықтаудың қол жетімділігі - 93%, газбен қамтамасыз ету - 92%, электрмен жабдықтау - 91,6%, кәріз желілері - 49,1%, жылумен қамтамасыз ету - 100% екендігі баяндалды.

Премьер-министр бұдан соң археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған ескі қалашықты қалпына келтіру және мұражайға айналдыру жөніндегі цитадель жобасын көзбен көрді.   Алдағы уақытта бұл маң тарихи құндылыққа ие және туристер көп келетін  тартымды орынға айналмақ.  Асқар Мамин сондай-ақ  фарфордан жасалған плиткалар шығаратын зауытқа да арнайы барды.  Бұл жерден шығатын бұйымдар еліміздің нарығында ғана емес  сонымен қатар Өзбекстан мен  Қырғызстанға және Тәжікстанға экспортталуда.

Мұхтар Бектеміров, зауыт директоры:

– Осы күнге дейін 7 миллионнан аса шаршы метр өнім шығарғанбыз. Оның 22% көршілес Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан елдеріне экспортқа жіберіп жатырмыз. Қазіргі таңда 2 миллион керамика шығарып жатқан болсақ, жоспарымызда қасына екінші линия қойып, зауыттың шығарып жатқан өнімін 4,5 миллионға жеткізу.

Түркістан қаласына келген Премьер-министр мұнда халықаралық әуежайға баратын жолдың сапасын, сондай-ақ әкімшілік және әлеуметтік және тарихи-мәдени нысандардың құрылыс жұмыстарын тексерді. Медиа орталық пен «Нұр-Сұлтан» алаңы және де олимпиадалық резервтік спорт мектебі секілді салынып жатқан бірқатар нысанды аралады. Қазір қаланы көгалдандыруға ерекше назар аударылып отыр. Сондықтан да қасиетті Түркістан жерінде ертең еліміз бойынша кең көлемде өтетін әрі табиғатты аялайтын басты шара «жасыл» науқан басталды.

Мағзұм Мырзағалиев, ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі:

– Бұл науқанның аясында біздің есебіміз бойынша елде ертең 200 мыңға жуық ағаш отырғызылады. Сенбі күні 12 қазанда тағы да 200 мыңдай ағаш отырғызылады. Біздің есебіміз бойынша осы күзде еліміз бойынша ең кем дегенде 1 миллион ағаш отырғызылады. Бұл – әрбір қазақстандықтың табиғатқа қосар үлесі.

Жыл соңына қарай Түркістанда алғашқы нысандар пайдалануға беріледі. Бұл әкімдік ғимараты, медиа орталық, Нұр-Сұлтан алаңы, қалалық саябақ, музыка мектебі, сондай-ақ жаңа халыққа қызмет көрсету орталығы жұмысын бастайтын болады.

Авторлары: Нұрбек Байбосын, Нұрмахан Мұсатов

Хабар 24 телеарнасы