389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қарағанды облысында жыл соңына дейін 500 пәтер пайдалануға берілмек

  • 117
  • UPD: 10:21, 03.10.2019

Қарағанды облысында ауқымды тұрғын үй құрылысы жоспарланып отыр. Келесі жылы баспана көлемі 650 мың шаршы метрге ұлғаймақ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сонымен қатар 250 жанұя «Бақытты отбасы» бағдарламасына қатысуға өтініш білдірді.

Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысы өз жолдауында жүйесіз бағдарламаларды тоқтатып, тұрғын үй саясатын жетілдірудің біріңғай моделін қалыптастыруды тапсырған болатын. Енді соның негізінде жыл соңына дейін елімізде 6 мың отбасы «Бақытты отбасы» бағдарламасының шарапатын көрмек.

Биыл Қарағанды облысындағы тұрғын үй құрылысына 3 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген. 2019 жылдың соңына дейін барлығы 500 пәтер тапсырылады деп жоспарланып отыр. Оның 65-тен астамы көпбалалы отбасына тапсырылады. Сонымен қатар биыл аймақтың кәсіпкерлері 200 ге жуық көпбалалы отбасын баспанамен қамтыды.

Асығат Макенбаев, облыстық құрылыс басқармасы бөлімінің басшысы:

- Қарағанды қаласында 236 мың шаршы метр тұрғын үй жоспарланса, келесі жылы бұл 400 мың шаршы метрден асып, екі есе жоспарланып отыр. Оның ішінде негізгісі аз қамтылған, көпбалалы отбасыларын тұрғын үймен қамтамасыз етуге баса көңіл бөлініп отыр.

Биыл Қарағанды облысының Шет ауданындағы Ақадыр кентінде тұратын көпбалалы 11 отбасына осы өңірден шыққан қалталы кәсіпкердің бірі үй сыйлады. Қоныстой иелері мұндай тосын сыйды күтпесе керек, жерлестеріне дән риза. Олардың көпшілігі 10 жылдан астам үй кезегінде тұрған. Жалпы бүгінгі күні Шет ауданында 40-тан астам көпбалалы отбасы бар. Биыл мұнда 32 пәтерлі үйдің құрылысы аяқталмақ және келесі жылы екі бірдей көпқабатты үй тапсырылады.

Фарида Көмекова, Ақадыр кентінің тұрғыны:

- 2013 жылдан бастап кезекте тұрғанбыз. 15 жыл үйді жалға алып тұрдық. Үйді көрген соң балалар, бәріміз қуанып жатырмыз. Өте тамаша екен, есіктің алды, ауласы да кең, балаларға ойнағанға қолайлы. Өте қуаныштымыз, көп-көп рахмет.

«Бақытты отбасы» бағдарламасы – Қарағандыдағы мыңдаған мұқтаж адамның баспана алуына жол ашып отыр. Себебі шарттары жеңіл, әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтар үшін аса тиімді. Мәселен, соңғы екі ай ішінде облыс тұрғындарынан 250 өтініш түссе, соның 68-і мақұлданып, 5 отбасы қоныс тойын тойлаған. Бұл бағдарламаға тек көпбалалы отбасылар, жалғызбасты аналар және мүгедек баланы бағып отырған жанұялар ғана қатыса алады.

Авторлары: Айнұр Абдиева, Сайлау Игликов

Хабар 24 телеарнасы