389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Тәртіп сақшылары шетелдік көліктерді уақытша тіркеуді сұрайды

  • 133
  • UPD: 09:10, 03.10.2019

Осыдан екі жыл бұрын Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер арасында көлік құралдарына қатысты жеңілдетілген ереже енгізілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Яғни, бұрын өзге елдің көліктері 6 айдан соң кері шығуы немесе уақытша тіркелуі тиіс болса, енді ол шектеу күшін жойды. Өз кезегінде шеттен келген көліктер күрт көбейді. Әсіресе, Ресейдің 5 аймағымен көршілес Орал өңірі ескі-құсқы, арзан автомобильдің астында қалды. Олардан ешқандай салық түспейтіні өз алдына, шетелдік көліктер түрлі жол оқиғалары санының артуына да себепші болып отыр.

Мәселен, биыл шекараның ар жағында тіркелген автомобильдердің қатысуымен облыста 399 жол-көлік оқиғасы болса, соның 49-ында 78 жолаушы түрлі дене жарақатын алған, 19-ы қаза тапқан. Ал ең сорақысы, 177 жағдайда жүргізуші оқиға орнынан қашып кеткен. «Көліктің нөмірі белгілі болса да, оны табу оңай емес», - дейді мамандар. Өйткені еш жерде мәлімет жазылмаған. Тіпті шекарадан автомобильді әкелген адам оны кейін кімге сатқанын да білмей жатады. Осыған байланысты тәртіп сақшылары шетелдік көлік құралдарын уақытша тіркеу ережесін жедел енгізуді сұрап отыр.

Кенжебек Құспаев, облыстық ПД ЖПҚ басқармасының бастығы:

- Нақты саны қанша шетелдік автокөлік жүріп жатқаны бүгінгі күнде белгісіз. Біз енді өз күшімізбен құқық бұзушылық жасаған жол қозғалыс ережесін бұзған шетелдік автокөліктерді анықтаған кезде оларды өзіміздің есеп жасап, олар бойынша Ресей Федерациясына сұраныстар жіберіп жатырмыз. Уақытша тіркеу ережесі енгізіледі деп үміттеміз. Егер ол ережені енгізетін болса, жол-көлік оқиғасын жасағанда немесе ережесін бұзған кезде анықтауға жеңіл болады.

Хабар 24 телеарнасы