389,59 429,68 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Оралда атаулы әлеуметтік көмекті заңсыз алған 680 отбасы анықталды

  • 159
  • UPD: 14:06, 03.10.2019

Оралда 3500 отбасыға жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған.

Бір ай бұрын жүргізілген тексерулер барысында 680 отбасының өз табыстарын жасыру жолымен бұл жәрдемақыны заңсыз алып келгені анықталыпты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Айта кетерлігі, аз қамтылған отбасы санатына жататын 56 адам мемлекеттің көмегін тиімді пайдаланып, өз кәсіптерін ашқан. Олардың жартысы қайтарымысыз гранттарға қол жеткізіп отыр.

Қалалық жұмыспен қамту бөлімі жарты жыл ішінде 10 мыңнан аса отбасының құжаттарын қабылдаған. Солардың тек үштен біріне ғана атаулы әлеуметтік көмек тағайындалыпты. Алайда, қосымша жалақысын немесе жеке кәсібінен түскен табысын жасыратын пысықайлар да жоқ емес. Бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша осындай 37 адам анықталса, кейін тағы 278 отбасының заңсыздыққа барғаны белгілі болды.

Ерлан Ғалиев, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы:

- Бұл жерде түсіндіріп айта кету керек, бұл азаматтар өздерінің табыс көздерін жасырған. Атап айтқанда, олар сәуір айында құжаттарын тапсырған кезде бір мемлекеттік мекемеде жұмыс жасайды да, сонымен қатар қосымша мемлекеттік емес мекемелерде жұмыс жасаған. Бұлардың бәрі біздің базадан міндетті зейнетақы төлемдерін қарау барысында анықталып отыр.

Біреулер заңсыз жолмен ақша тауып, пайдаға кенелуді көздесе, мемлекет бөлген жәрдемақы есебінен өз кәсібін ашқан отбасылар да бар екен. Мәселен, төрт баланың анасы Айдана Ихсанова жаз басталғанда екі айдың жәрдемақысын жинап, 200 бас балапан сатып алады. «Енді міне, күзде оны етке өткізіп, пайдаға кенелдім», - дейді. 

Айдана Ихсанова, қала тұрғыны:

- Құс өнімдерін алып, қазіргі таңда оларды сатып, бала-шағамызға, өзіміге жететіндей азық-түлікпен қамтамасыз етілдік. Бізге бұл оң жағынан көрсетілді деп айта аламын. Себебі, мына кедейшілік шегінен дейді ғой, отыра берудің қажеті жоқ, адам баласы алға талпынса бәрі болады деп сенемін. Бір кішкене ақшадан да осындай пайдалар болады, оған өзімнің көзім толық жетті.

Атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған отбасылардың ішінен 242 адам екі қолға бір күрек тауыпты. «Олардың жаңа мамандықтарды игеруіне де күш саламыз», - дейді сала мамандары.

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов, Қанат Махмұтов

 

 

Хабар 24 телеарнасы