389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елордада пайдаланылмай жатқан жер учаскелері қайтып алынады

  • 183
  • UPD: 21:28, 03.10.2019

Елордада жер учаскелерін алып қойып, оны пайдалануға асықпай жүргендерге тықыр таянды. Жергілікті әкімдік уақытылы қолданылмаған аумақтарды кері қайтаруға білек сыбана кірісті. Соңғы үш жылдың ішінде дәл осылай 1400 гектарды иелерінен алып қойған. Тағы 250 жер теліміне қатысты қазір тексеріс жүргізіліп жатыр.

Елорданың сол жағалауы. Хан Шатыр ойын сауық орталығының аумағы. Мына жер телімі 2013 жылы жеке тұлғаға берілген. Орнына көпқабатты тұрғын үй бой көтеру керек болатын. Бірақ міне осынша уақыт өтсе де ешқандай  әрекет жасалмапты. Әкімдік өкілдері бірнеше рет ескерту жасағандарын айтады. Бірақ иесі әртүрлі себепті алға тартып, іске көшуге асықпаған. Ақыры жер телімі сот арқылы кері қайтарылды. 

Шыңғыс Бектемір, қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының жетекшісі:

- Мына жер кезінде бір фирманың қарамағында болған. Біз оларға заңға сәйкес нұсқама бердік. Бір жыл күттік. Ешқандай шаралар қолданбағандықтан сотқа арыз бердік. Қазір жер учаскесі алынып қойылды. Айта кету керек, жер учаскелері мемлекет меншігіне қайтарылмайды. Өйткені ол жекенікі. Сондықтан оны әділет органдары саудаға шығаратын болады. 

Бұл бір мысал ғана. Соңғы 3 жыл көлемінде дәл осылай елорданың өзінде 76 жер телімі кері қайтарылған. Бірақ әкімдік өкілдері басты мақсат – оны кері алу емес, керісінше иесін ынталандыру дейді. Яғни осындай мәжбүрлі шаралардан кейін бос жатқан жерлерді мақсатты пайдаланушылар көбейген. 

«Бір жарым жыл ішінде қабылданған шаралардың нәтижесінде 972 гектар аудандағы 62 учаскенің иелері жерлерін пайдалануға кіріскен. Осы орайда құзырлы органдар барлық жер учаскелерінің иелерін өздерінің қожалықтағы жерлерін нысаналы мақсатқа сай пайдалануға шақырады». Дереккөз: elorda.info 

Бұған қоса елордада қазір жалпы аумағы мың гектарға жуықтайтын 250 жер теліміне мониторинг жүргізіліп жатыр. Оның жартысы коммерциялық, ал қалған бөлігі ауылшаруашылық бағытында пайдаланылуға тиіс жерлер. Егер бұнда да заңға қайшы әрекеттер анықталса жер кері қайтарылып, оны уақылы және мақсатты қолдана алатын басқа адамға сатылады. 

Авторлары: Аслан Қаженов, Арман Ақшабаев

Хабар 24 телеарнасы