389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Еліміздің бірқатар аймағында жерлер мақсатқа сәйкес игерілмей жатыр

  • 156
  • UPD: 21:30, 03.10.2019

Елордада ғана емес, еліміздің бірқатар аймақтарында да суармалы және ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер мақсатты пайдаланылмай отыр.

Мысалы, Шығыста суармалы аумақтардың біраз бөлігі игерілмеген. Ал Солтүстікте мыңдаған гектар өңделмеген күйінде қалып отыр. 

Жергілікті атқарушы органдар бос жатқан жерлерді мемлекет меншігіне барынша қайтарып жатыр. Қостанай облысының өзінде жеті жыл ішінде миллиондаған гектар мемлекет қорына аударылған. 

Шығыс Қазақстан облысында суармалы жерлер игерілмей жатыр. Тіпті мемлекеттен қыруар қаражат бөлініп іске қосылған су қоймалары жарым-жартылай жұмыс істеп тұр. Мәселен, Үржар ауданында «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнына қарасты 30 мың гектар жер болса, соның тек 10 проценті ғана мақсатқа сай игеріліп отыр. 

Еркін Ғабдулмулинов, «Қазсушар» РМК ШҚОФ Үржар өндірістік учаскесінің басшысы:

- Егінсу су қоймасына келсек, 16-жылы іске қосылған ол жерде 2692 мың гектар суармалы жер бар. Қазіргі суғарып отырғаны 550 гектар ғана. Ол жерде 2 ауылдық округ бар. Жаңатілек, Жоғарғы Егінсу, сол округтердің шаруа қожалықтары міне, жерлердің бәрін алып алып, суғармай отыр. Әкімшілікпен жұмыс істеп отырмыз. Мүмкін шаруа қожалықтарының екпеген жерлерін қайтадан қайтару керек. Игеретін кісілерге беру керек, игеретін кісілер көп. 

Ал Ақмола облысында 1 млн 600 мың гектар ауыл шаруашылығы жерлерінің пайдаланылмай бос жатыр. Олардың басым бөлігі, шаруа қожалықтары мен серіктестіктердің ұзақ мерзімге жалға алған жерлері. Ескертулер нәтижесінде 600 мың гектардан астам жердің пайдаланушылары иелігіндегі аумақты игеруге кіріскен. Яғни егістіктерге егін егіп, жайылымдарға мал жая бастаған. Ал, бос жатқан жер телімдерінің биыл тек 6700 гектары ғана мемлекет меншігіне қайтарылыпты. 

Нұрболат Бөкен, облыстық жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасының бөлім жетекшісі:

- Мысалға келетін болсақ, қазіргі таңда аудандық әкімдікпен және басқармамен бір ТОО-ға Ерейментау ауданы бойынша 25 мың гектардан астам жер теліміне мәжбүрлеп алу бойынша талап-арыздар жолданды. Қазіргі таңда ол сотта қаралу үстінде.  

Жамбыл облысында құны 3 млрд теңге болатын 1,5 мыңдай жер учаскесі игерілмеген. Жер заңнамасын бұзу фактілерін облыс прокурорлары арнайы тексеру шаралары кезінде анықтады. Олардың тікелей ықпалымен  мемлекеттік жер қорына 414 учаске қайтарылған. 

Қайсар Бекмұратов, облыс прокурорының аға көмекшісі:

- Тәртіптік жауапқа 34 тұлға тартылды. Соның 34-і әкімшілік жазаға қатысты. Қызметтік бабын асыра пайдаланып, жер учаскелеріне қатысты жалған құжат жасағаны үшін Тараз қаласының сәулет және қала құрылысы бөлімінің бұрынғы басшысы 4 жарым жылға бас бостандығынан айырылды.  

Ал Қостанай облысында 100 мыңдай гектар жер, оның ішінде егістік және жайылымдық алқаптар және коммерциялық құрылысқа арналған 32 гектардай жер соттың қарауында жатыр. Тәркіленген учаскелер негізінен Жанкелдин, Амангелді, Науырзым аудандарына тиесілі.   

Нұрлан Әбдуов, облыстық жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасының басшысы:

– Ауыл шаруашылығы мақсатындағы 1 млн гектар және коммерциялық құрылысқа арналған 88 гектар мемлекеттік меншікке қайтарылды. Әсер ету шараларынан кейін 459 мың гектар және және коммерциялық құрылысқа арналған162 гектар жерлерді пайдалануға кірісті.  

Елімізде ауыл шаруашылығы жерлері тиімсіз пайдаланылмаған жағдайда келесі жылы бақылау жүргізіледі. Ал үшінші жылы мемлекетке қайтаруға құқылы. Коммерциялық мақсаттағы жерлер болса, бір жылдан соң мемлекет есебіне аударылады. Қайтарылған жер телімдері аукцион арқылы қайтадан қолданылуға беріледі.

Аймақ тілшілерінің көмегімен Данияр Сұлтан, Сергей Трахтенберг

Хабар 24 телеарнасы