389,53 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ШҚО-дағы «Швейцарияда» халық саны неліктен азайып барады?

  • 397
  • UPD: 23:41, 03.10.2019

Шығыс Қазақстан облысында 80 ауыл жойылып кетуі мүмкін. Мамандардың айтуынша, тұрғындар жұмыстың жоқтығынан үдере көшіп жатыр. Бұл көшті қалай тоқтатуға болады? Қатон-Қарағай ауданында осы тақырып төңірегінде инвестициялық форум өтті. Жиын барысында өзекті мәселені шешудің жолдары қозғалып, нақты ұсыныстар айтылды.

Қатон-Қарағайды ел екінші Швейцария дейді. Бірақ табиғаты сұлу өлкеде өмір сүретіндер жыл сайын азайып барады. Статистикалық сандарға сүйенсек, жылына 1 мың 200 адам көшеді екен. Қазір 13 ауылдың жағдайы мүшкіл. Мәселен, Ақшарбақта 9 - ақ адам тұрады. Ауданның негізгі тұрғындары зейнеткерлер. Мамандардың айтуынша, алдағы екі жылда 13 мектеп жабылуы мүмкін. Солардың бірі – Қабырға орта мектебі. Бүгінде мұнда 29 оқушы білім алады.

Алира Нығметова, Қабырға орта мектебі директорының міндетін атқарушы:

-  Енді мектебіміз  жабылып қалатын жағдайда болып жатса, ауылдың көркеюі, экономикасы, статистикасы да бәрі төмендейді, құлдырайды деп ойлаймыз. Енді мектепті жаптырмауға біраз тырысамыз. Балаларға білім беру үшін, кадрмен жұмыс істейміз, кадр іздеуге барамыз. Қазіргі уақытта Қазақстан тарихы көрші ауылымыздан келіп, 11 сағатқа тарих пәніне мамандығы бар, дипломымен кеп сабақ береді. Ол мұғалімге жағдай жасаймыз.

«Мектеп жабылса, жұрт тарыдай шашылады» дейді зейнеткерлер. Сондықтан олардың кейбірі немересін осы оқу ордасына беріп, үміт отын сөндірмей отыр.

Жігер Алматов, оқушы:

- Ауылымыз жақсы, біз мектебімізді күтіп ұстаймыз. Ауласын тазалаймыз, ағаш егеміз, әдемі қыламыз. Мен өзім мектебім жабылып қалмасын деп тілеймін. Өйткені мектеп жабылса, мен арлы-берлі жүремін, сандаламын.

Тұрғындардың үдере көшуі күн тәртібіндегі басты мәселе. Биыл оларды ұстап қалу үшін 1 млрд.теңгеге жол жөнделді. Ақсу, Новополяковка, Шыңғыстау ауылдарына су тартылмақ. Оңтүстіктен де отбасылар көшіп келіп жатыр. Соңғы 2 жылда мұнда 170 адам қоныс аударған. 

Ренат Құрманбаев, Қатон–Қарағай ауданының әкімі:

- Бос тұрған ауылдарда үйлерді сатып алып, сол кісілерге беріп отыр. Тек қана 1 талабымен 5 жыл тұру керек. 5 жылдан кейін бұл үй тегін соларға беріледі. Осы істің арқасында міне қазір Балғын, Жұлдыз ауылдарында бала саны да көбеюде, жәнеде бос үйлер қазір жоқ. 

Жоба демеушілердің көмегімен жүзеге асты. Бұл жұмысқа олар да белсене араласып, қоғамдық қор құрды. Бірінші инвестициялық форумда кәсіпкерлер жаңа жобаларын ұсынды. Атап айтсақ: туризм, ауыл шаруашылығы, білім мен медицина кластерлері.

Серік Толықпаев, қоғамдық қордың құрылтайшысы:

- Біз іріктеп алған 3 ауылды әлемдік деңгейге жеткізгіміз келеді. Яғни әлемдік білім беру жүйесі, медицина және көлік қозғалысы. Сонымен қатар жүзеге асыратын  тарихи, экологиялық жобалар да бар.

Бұл іске бірінші болып, Серік Толықпаев 500 млн теңге салды. Қомақты қаржы туризм саласын дамытуға жұмсалады. Сонымен бірге киелі Қатон-Қарағайда көне шіркеу қалпына келтіріліп, экологиялық таза агроөндіріс жанданбақ. 

Авторлары: Анель Есенбердина, Айдарбек Айтмұхамедұлы, Аслан Төлепов

Хабар 24 телеарнасы