389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


БҚО-да Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қаза тапқан сарбаздар сүйегі қайта жерленді

  • 173
  • UPD: 23:30, 03.10.2019

Батыс Қазақстан облысының Бөкей Ордасы ауданында Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қаза тапқан 15 сарбаздың сүйегі жер қойнына тапсырылды.

Отан қорғаушылардың денесі осыдан екі ай бұрын Сайқын ауылынан 15 шақырым жердегі 356-разъездің маңынан табылған еді. Түймелердегі зәкірдің белгісіне қарап, әрі жауынгерлердің дене бітімінің ірілігіне байланысты іздеушілер оларды теңіз жаяу әскерлері деп топшылап отыр. Тарихи деректерге сүйенсек, 1942 жылдың 4 қазанында Тынық Мұхиты флотының жеке құрамы тиелген эшелон Сталинградқа бара жатып жау ұшақтарының шабуылына ұшыраған. 38 теңізші осы жерде қаза тауыпты. Олардың мүрдесі бомбадан қалған шұңқырларға тасталып, жүзі асығыс жасырылған. Енді міне 77 жылдан соң олар бауырластар зиратына қайта жерленді. Жерлеу рәсімінде сөз алғандар іздестіру жұмыстары жалғасын табуы тиіс дегенді айтты.

Мақаш Қадимов, Сайқын ауылының тұрғыны:

- Бұл әлі де жалғасын табуы керек. Өйткені қырылған адам көп. Жер астына, топырақ астында жасырылып қалған сүйектер көп. Ол адамдардың тағдыры не болғанын, ол адамдардан қалған ұрпақтары қайда қалғанын білмей әлі естері кетіп отыр.

Жұбан Ғұмаров, өлкетанушы:

- Қолда бар құжаттар бойынша әлі көптеген белгісіз жерлер бар ауданымызда. Неміс авиациясы бомбылауы нәтижесінде көптеген жауынгерлер және жергілікті тұрғындар қаза тапқан. Сондықтан Бөкей Ордасы ауданы Сталинград шайқасының ең жақын тылы емес, Бөкей Ордасы ауданы ҰОС қатысты деп айтуға болады.

Хабар 24 телеарнасы