389,59 429,68 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ұстаздар оқушылармен жұмыс жасау барысында қандай қиындықтармен кездеседі?

  • 161
  • UPD: 09:03, 04.10.2019

Жыл сайын қазан айының алғашқы жексенбісінде 100-ден астам мемлекетте Ұстаздар күні атап өтіледі.

Бұл – жалпы білім беру саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Осы ретте елорда ұстаздарын мазалайтын мәселе бар ма, оқушылармен жұмыс жасау барысында қандай қиындықтармен кездеседі?

Қазан айының алғашқы жексенбісі, дүние жүзінің 100-ден астам мемлекетінде мұғалімдер мен білім беру саласындағы қызметкерлердің кәсіби мерекесі тойланады. Мереке қарсаңында ұстаздар қауымын құттықтап, Сырбай Мауленов атындағы №37 мектеп-лицейіне бардық. Қоңыраулары әдемі қазақтың күйімен соғылатын білім ордасында мектеп ашылғалы жұмыс жасап келе жатқан мәртебелі мамандық иелері жетерлік.

Бақытжан Төкенқызы, №37 мектеп-лицей ұстазы:

– Мамандығымды тастасам, ұстаздықты қойсам деген сәттер болған жоқ. Қиындықтар болған сәтте ойланатынмын. Үйге барған соң шаршағаным ұмытылатын.

Гүлжан Төлеуова, директордың тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары:

– Әрине, әр жұмыстың өзінің қиындығы және қуанышты сәттері болады. Біздің жұмыстағы басты қиындық деп балалар әсіресе өтпелі кезеңге жеткен кезді айтуға болады. Бала психологиялық, физиологиялық тұрғыдан өзгеріске ұшырайды. Осы тұрғыдан ең бірінші педагог-психолог ретінде әрбір мұғалім балаға көмек бере алуы керек.

Ұстаздардың жас ұрпақтың санасына сыналай енгізетін тәлім-тәрбиесі, үлгі-өнегесі өлшеусіз. Жеке тұлғаны ғана емес, тұтас қоғамды қалыптастыруда тынымсыз еңбек ететін ұлағатты жандарды оқушылар да таласа-тармаса мерекемен құттықтады.

Мектеп қабырғасынан әлдеқашан алыстап кетсе де, бойында жылуы бар әрбір парасатты азамат әліп үйретіп, білім теңізіне жетелеген ұстаздары мен балалық шағының талай қызықты күндеріне куә болған алтын ұя-мектебін әрдайым үлкен сағынышпен, құрметпен еске алып отырады. Бұрынғы шәкірттерден бізде сұрап көрдік.

БЛИЦ:

– Алғашқы ұстазыңыз есіңізде ме?

– Есімде, Нұрсейітова Кания болған. Ол кісі қазір 80-нен асты.

– Есімде жоқ. Бар ғой, бірақ аты-жөндерін ұмыттым.

– Әрине, Нұрғалиева Алия Сағынайқызы.

Білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беруде ұстаздың еңбегі зор. Сондықтан да ол әрдайым қасиетті тұлға ретінде ерекшеленеді. Білім көшін жылжытып келе жатқан ұстаздар қауымына құрмет арта бермек!

Авторлары: Гүлзия Жаналиева, Ерзат Зайтхан

Хабар 24 телеарнасы