389,86 435,60 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстандық дизайнерлер Париждегі сән апталығына қатысты

  • 222
  • UPD: 15:34, 04.10.2019

Қазақстандық дизайнерлер алғаш рет Париждегі Жоғары сән апталығының ресми бағдарламасына қатысқан.

Әйгілі Ош салонында біздің кутюрье жазғы маусымға арналған киімдердің екі жиынтығын ұсынған. Екеуі де ұлттық нақышта безендірілген.

Қазақ ұлттық киімінің танымал бөліктері негізінде жиырма шақты сәнді кейіп жасалған. Бұл – Айдархан Қалиевтің қолынан шыққан кимешектің заманауи түрі. Дизайнер бұл жиынтығын туған қаласының аруларына арнап, «Тараз перілері» деп атаған.

Айдархан Қалиев, дизайнер:

– Ұлттық киім мұражайда немесе театр сахнасында болады. Ал біздің міндетіміз киімдерімізді еуропалық нарықтарға жеткізу болып тұр. Сол себептен «неофольклор» деп аталатын осындай бағыт, стиль құрылған. Бұл – заман тынысымен жасалған халықтың ұлттық киімі.

Гүлнар Қасым әкелген киім жиынтығында да ұлттық нақыштар айқын байқалады. Нұр-Сұлтан қаласында тұратын дизайнердің туындылары Ташкенттегі сән апталығында көзге түскен.

Гүлнар Қасым, дизайнер:

– Бұл жердегі өзімнің колекциямды Ташкентте апарғанмын. Айдархан Қалиев Ташкентте көріп, бірге келіп жатырмыз осында. Осындай ұсыныс болды, келе аласың ба деген. Өзім өте риза болдым шақырғанына, сондай дәрежеде мені көргендеріне ризамын.

Париж сән апталығындағы қазақстандық дизайнерлердің орны бөлек. Сән саласының майталмандарын қазақ мәдениетінің байлығымен таныстыру үшін дизайнерлер барын салды. 

Джули мен Маттео Феррер, байқау қонақтары:

– Тамаша. Модельдердің өте баяу жүргені маған ұнады, себебі киімнің бүкіл бөлшегін мұқият қарауға мүмкіндігің бар.

Дәстүрлі киімін көрсету арқылы адамдар жұртшылықты өз мәдениетімен, өз халқының руһымен таныстырады. Бұл өте керемет.

Алина Жалымбетова, модель:

– Дизайнерлерімізді қолдау үшін, 30 сағат бойы ұшып келдік. Бұл өте маңызды шара, өйткені төл әрі әсем киімімізді көрсетіп шығу - үлкен абырой. Әсіресе мен үшін, себебі соңғы жылдары Австралияда тұрып жатырмын.

Отандық мамандарымыз соңғы жылдары Еуропада өтетін сән апталықтарына үнемі қатысып келеді. Милан, Берлин, Амстердам. Алайда соңғы уақытқа дейін, Париждегі ресми байқауға келген емес. Енді бұл асуды да бағындырған олар Қазақстанда жасалған киім әлемнің басты подиумдарында міндетті түрде өз орнын алатынына сенімді.

Авторлары: Әлия Сыздықова, Бекхан Тепсаев

Хабар 24 телеарнасы