389,86 435,60 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Семейде 20 автобус пен 80-ге жуық жүргізуші жетіспейді

  • 189
  • UPD: 21:14, 04.10.2019

Семейдегі автобус жыры ұзаққа созылатын түрі бар.

Естеріңізге салсақ, қыркүйек айының басында қалада қоғамдық көліктердің жаңа сызбасы бекітіліп, отандық темір тұлпарлар жолға шыққан, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жалпы техникалардың 80%-ке  жаңартылып, кешкі сағат 10-ға дейін жүретін болған еді. Алайда осыған дейін халыққа қызмет көрсетіп келген 51 бағыттың 9-ы қысқарып, тұрғындардың наразылығын туғызып отыр. Әсіресе, таңертең және кешке мектепке, жұмысқа асыққан халық әбігерге түсуде. Әкімдіктегілер «бір жұманың ішінде бәрі реттеледі» дейді. Дегенмен, әзірге түйткілдің түйіні тарқамай тұр.

Осыған дейін қалада жолаушылар тасымалымен 8 кәсіпорын айналысып, 421 автобус қызмет көрсеткен. Енді олармен 2013 жылы жасалған келісімшарт мерзімі аяқталып, әкімдік жариялаған жаңа байқауда 3 компания жеңімпаз деп танылды. Бұрынғы 51 бағыттан 42-сі ғана қалтырылып, автобустар саны да 80-ге кеміді. Бір айдан бергі өзгерістер туралы тұрғындар пікірі алуан түрлі.

Ырысқайша Нақышева, қала тұрғыны:

- Кішкентай, отыратын орын аз, іші тығыз. Көп жүрмейді, аралары 40 минуттай болады, 30 минуттай болады. Сондықтан бұл автобустар ыңғайлы емес.

Хамитжан Кәрімбаев, қала тұрғыны:

- Алғашында көп тосқанбыз. Әнеугүні ауыстырды ғой, сол кезде бір жетідей қиналдық, көп тұрамын осы жерде. Қалыпқа түсіп келеді.

Сайлаубек Күлбаев, автобус жүргізушісі:

- Бұрынғы ескі автобустар өздеріңіз білесіздер, бір күн жүреді, екі күн тұратынбыз. Қазір тоқтамай жүріп жүрміз. 2-2 кісіден істеп жатырмыз. Автобус тоқтамайды, жұмыс жүріп жатыр ақырын-ақырын.

«Қоғамдық көлік қозғалысындағы іркілістер бір жұманың ішінде шешімін табады», деп сендірген қала басшылығы. Алайда, әзірге мәселе толық шешімін таппай отыр.

Болат Көкенайұлы, тілші:

- Шаһарда халық саны жыл өткен сайын көбейіп келе жатыр. Жаңадан шағын аудандар пайда болуда. Алайда оңтайландырудан кейін қаладағы автобус бағыттары бір емес, екі емес бірден 9-ға азайып, көліктер саны 80-ге кеміді. Мұның бәрі халықтың жанына батып отыр. Ал бірнеше күн бұрын бірден бірнеше автокөлік жүргізушісі жұмысқа шықпайтындықтары туралы мәлімдеген. Алайда автобус паркі басшылығының бұған айтар өз уәжі бар.

Осыған байланысты арнайы өткен жиында жауапты мамандар жүргізуші кадрларының жетіспеушілігі әлі де бар екенін мойындады. Ал 30-ға жуық тізгіншінің жұмысқа шықпау себебін олардың көпшілігі ресми түрде жұмыс істегісі келмейтіндігімен түсіндірді. Өйткені табыстары жария етілсе, бірі алимент төлеуге мәжбүр, енді бірі атаулы әлеуметтік көмектен қағылады екен.

Асқар Зияданов, автобус паркінің директоры:

- Ертең бәрі жақсы болады, бүрсүгіні бәрі жақсы болады деп нақты айта алмаймын. Бірақ біздің тарапымыздан барлық мәселелер жылдамдатылып, орнына келтіруге бар шараларды қолданып жатырмыз.

Өкінішке қарай қаладағы автобус бағыттарында әлі де 20 көлік, 80-ге жуық жүргізуші жетіспейді. Енді автопарк басшылары тізгіншілерді өздері тегін оқытып даярлауға дайын екендіктерін мәлімдеп отыр.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Медет Өмірханов, Берік Жобалайұлы

Хабар 24 телеарнасы