389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


БҚО-да бұралқы ит-мысықтарды аулаудың жаңа ережесі күшіне енді

  • 141
  • UPD: 21:23, 04.10.2019

Батыс Қазақстан облысында 14 қыркүйектен бастап бұралқы ит-мысықтарды аулау мен оның көзін жоюдың жаңа ережесі күшіне енді.

Облыстық мәслихат қабылдаған ережеге сәйкес енді жануарларға тиісті вакцинация жасалып, стерилизациядан өткізілген соң қайтадан еркіндікке жіберілмек, де хабарлайды «Хабар 24».

Бұрын ит-мысықты үш күннің ішінде иесі іздеп келмесе, көзі жойылатын. Бұл тәсіл мәселені түбегейлі шеше ала ма, әлде бюджет қаржысын босқа шаша ма?

Юлия Асиновская – жануарлардың жанашыры. Иттерді көшеде көптің көзінше ату, жалпы оларды жою жөн емес деп аттандағалы біраз болыпты. Қоғамдық бірлестік құрып, үйдің ауласынан питомник ашқан. Көшеде қалған төртаяқты тіршілік иелеріне қамқор болып, жаңа қожайын тапқанша асырап, бағады.

Юлия Асиновская, қоғамдық бірлестік жетекшісі:

8 жыл бойы осымен айналысып келеміз. Қазір 50-дей ит бар мұнда. Естіп жатырмыз, енді бұрынғыдай жануарларды өлтірмей, кастрация жасап, қайта босатып жібереді дегенді. Бұл жақсы жаңалық.

Орал қаласында жылына 5 мыңдай бұралқы ит-мысықтың көзі жойылады. Бұл мақсатқа қазынадан 28 миллион теңге қаралады. Енді жаңа ережені жүзеге асыруға жылына 75 миллион керек көрінеді-мыс.

Лауаз Уәлиев, Орал қалалық ветеринария бөлімінің басшысы:

- Бұл жұмыстарды жүргізу кезінде адамдардың құқықтық заңдылықтары, адамгершілік, әлемдік стандарттарға сәйкестік, бәрі де сақталып жүргізіледі. Енді жыл басынан бері қазіргі күнге дейін 3700-дей ит жойылған болатын. Енді қазіргі жыл аяғына дейін мың бас қалған итті енді жаңа ереже бойынша жүргіземіз деп отырмыз.

Қазір жаңа ереже бойынша мердігерді анықтауға конкурс жүріп жатыр. Сонда жануарларды тек кастрациялап қана қоймай, түрлі жұқпалы ауруларға қарсы егіп, чип салып, ортақ мәліметтер базасына енгізілмек.

Бекжасар Сидихов, ветеринарлық клиника меңгерушісі:

- Қаңғыбас иттерді әкелгеннен кейін қанын тексеріп, нәжісін алып, нәжістен жұмыртқалар, әртүрлі гельминттер зерттелінеді. Жалпы паразитарлық ауруларға қарсы алдын алу шараларын жасайды. Чип бұл жануарлардың жалпы осы ареалда өмір сүріп жатқан ортасында бақылап, қадағалап отыру үшін. Яғни, қай жерде жүргені, біреуді қауып алған жағдайда да ол чиптің көмегі көп болады.

Жануарларға қатысты жаңалықтың жақсы жақтарын ешкім жоққа шығармайды. Алайда оның түпкілікті тиімділігіне күмәнмен қарайтындар да бар. Мәселен, қоғам белсендісі Юлия Асиновская ең алдымен адамдардың жануарларды асырау мәдениетін қалыптастыру керек деп санайды. «Тек көшедегі емес, үйдегі ит-мысыққа да стерилизация қажет», - дейді ол.

Юлия Асиновская, қоғамдық бірлестік жетекшісі:

Көшедегі иттер қайдан шығады? Жеке үйлердің ауласында өседі. Кейін қожайыны қаңғытып жібереді. Олай болмас үшін тұрғындардың жауапкершілігін арттырса, иесі бар ұрғашы иттерді де стерилизация жасатса. Соған жеңілдік қылатындай қаржы қаралса. Бізге жақында қоқыс контейнеріне тастаған 7 күшікті алып келді. Асырап отырмыз, обал тіпті. Осындай оңбағандарды тауып, айыппұл салу керек қой.

Қоғам белсендісінің түпкі ойы түсінікті. Биыл 5 мың итті стерилизациядан өткізіп, көшеге жіберсек, келесі жылы иесі қаңғытып жіберген тағы 5 мың жануар солардың қатарына қосылады. Сондықтан бұл да көңілге медеу болғанмен, проблеманы түбегейлі шешпейтін түрі бар.

Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Р.Ғазезов

Хабар 24 телеарнасы