389,59 429,68 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Байқоңырда медициналық қызмет сапасы арта түседі

  • 136
  • UPD: 21:26, 04.10.2019
Байқоңырда медициналық қызмет сапасы арта түседі

Мәселен, бұған дейін лабораториялық зерттеу сараптамасы тек ресейлік медицина мекемелерінде ақылы түрде жүргізілетін еді.

Енді қаладағы қазақстандық көпбейінді аурухана жанынан арнайы бөлімше ашылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осыдан 3 жыл бұрын Байқоңырда қазақстандық медицина мекемесі болмаған да еді. 2016 жылы облыстық медицина орталығының филиалы ашылып, айтулы мәселені шешудің алғашқы қадамы жасалды. Ал биыл бұл мекеме көпбейінді аурухана ретінде қайта құрылды. Көпсалалы хирургия, гинекология, реабелитация бөлімдері ашылды. Дегенмен, талдау нәтижелерін анықтау үшін бүгінге дейін Байқоңырдағы қазақстандықтар Ресейдің медицина мекемелеріне жүгінетін. Тегін емес, әрине. Енді айтулы мәселе шешімін тапты. Жаңадан ашылған инструментальды клиника-лабораториялық зерттеу бөлімшесі соңғы үлгідегі құрылғылармен жабдықталған.

Дулат Самаладинұлы, диагностикалық бөлім меңгерушісі:

- Биохимиялық аппарат – бұл автоматтандырылған аппарат. Бұл автомат тоқтамастан күніне 40 анализге дейін жұмыс істейді. Бұл аппарат болмаса, уақыт ұзарады, жауабын біз кеш береміз. Қазіргі таңда 2 сағаттың ішінде толық осы бөлімде алынатын анализдердің барлығын толығымен бөлімдерге жіберіп тұра аламыз.

Бүгінде тек Байқоңыр қаласының ғана емес, іргелес Төретам, Ақай елді мекендерінің де тұрғындары материалдық техникалық базасы нығайған айтулы медициналық мекеменің қызметін пайдаланады. Ұзын саны 45 мыңдай тұрғынның игілігіне жарап тұр.

Жандос Әділхан, қалалық аурухананың бас дәрігері:

- Бұрын офтальмолог, невропатолог, эндокринолог, терапевт, педиатр, иммунолог, аллерголог мамандар тапшылығы бізде біраз байқалатын. Осы мәселені шешу мақсатында Ресей мекемесіне жолдайтын болсақ, қазіргі таңда осы мамандар өзімізге келді, өзіміз біліктілігін жетілдіріп, Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларына оқуға жіберіп жатырмыз.

Білікті дәрігерлерді Байқоңырда тұрақтандыру үшін олардың әлеуметтік мәселесі де назардан тысқалмаған. Соңғы 30 жылда жұлдызды қалашықта алғаш рет салынған көпқабатты бес тұрғын үйдің 15 пәтері медицина мамандарына берілмек.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов, Айтмұхамед Байділдаев

Хабар 24 телеарнасы