389,75 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Бердібек Сапарбаев жұмыс сапарымен Қарағанды облысына барды

  • 196
  • UPD: 23:14, 04.10.2019

Бүгін Премьер-министр орынбасары Бердібек Сапарбаев жұмыс сапарымен Қарағанды облысына барды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Вице-премьер бастаған отандық делегация құрамында Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов пен медицина саласының білікті мамандары болды.

Кеншілер шаһарындағы медициналық мекемелердің жай-күйімен танысқан олар мемлекет басшысының халыққа жолдауы мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Осыған байланысты Қарағанды облысының таңдалуы да тегін емес. Өйткені алғашқы пилоттық жоба Сарыарқа өңірінен бастау алып, бүгінде сәтті жүзеге асып келеді.

Бердібек Сапарбаевтың жұмыс сапары «Қамқорлық» Тұңғыш Президент қорының бастамасы шеңберінде ашылған балаларды оңалту орталығынан басталды. Мұнда мүмкіндігі шектеулі балалар мен хирургиялық операция жасатқан науқастар амбулаторлық ем қабылдайды. Орталықта 80-нен астам қызмет түрі көрсетіледі. Бердібек Сапарбаев сал ауруына шалдыққан балаларға ипотерапия керектігін айтты.

Бердібек Сапарбаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

- Сал ауруына шалдыққан балаларды емдеудің ең тиімді жолы – ипотерапия. Мұндай жобаны біз елде алғашқылардың бірі болып бастаған едік. Бірінші кезекте Шығыс Қазақстан облысында қолға алдық. Кейін Ақтөбеде жалғастырдық. Енді міне, елордада бастадық.

Вице-премьер Қарағандыдағы «Мирас» клиникасының жұмысымен де танысты. Медициналық мекеме биыл жыл басында мемлекеттік жекешелік әріптестік аясында ашылған. Қазір мұнда 20 мыңнан астам адам тіркелген. Оның ішінде 8 мыңға жуығы бала. Тәулігіне 250 науқас ем қабылдайды. 32 дәрігер қызмет етеді.

Сондай-ақ Бердібек Сапарбаев Қарағанды медициналық университеті қабырғасында елде МӘМС жүйесін енгізу барысы жөніндегі кеңеске қатысты. Онда Елжан Біртанов бастаған медицина мамандары мен профессор Абай Байгенжин мен медицина ғылымдарының докторы Жақсылық Досқалиев сөз алды.

Абай Байгенжин, медицина ғылымдарының докторы:

- Әлемдегі бірде-бір мемлекет, тіпті ең бай ел өз азаматтарының денсаулығы үшін қаржылық жауапкершілік ауыртпалығын көтере алмайды. Біздің санамызға кеңес заманынан бері мемлекет медициналық қызметтерді төлеуге, қымбат операцияларды тегін жүргізуге, дәрі-дәрмектерді тегін беруі тиіс деген пікір берік орнап қалған. Міндетті медициналық сақтандыру жүйесі адамдарды өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауға үйретеді.

Жақсылық Досқалиев, медицина ғылымдарының докторы:

- Мемлекет басшысының жолдауы бәрімізге белгілі. Сондықтан бүгінде ағат қадам жасауға құқымыз жоқ. Сондықтан қауіп-қатердің алдын алу біз үшін маңызды. Бүгінде 3 негізгі мәселе бар. Олар: медицина саласын толық цифрландыру, азаматтардың медициналық сақтандыру жүйесіне төлейтін жарнасы мен мамандар тапшылығы. Осыны шешкенде ғана нәтиже болмақ.

Дегенмен, Бердібек Сапарбаев атап өткендей, бүгінде Қарағанды облысы медициналық сақтандыру жүйесін енгізуге деген дайындығы жоғары. Сонымен қатар вице-премьер Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовпен бірге жергілікті сауда орталықтарының біріне барып, ондағы мобильді жұмыспен қамту орталығымен танысты. «Базардың таңдалуы да тегін емес, өйткені бұл жерге екі қолға бір күрек іздеген жандар жиі келеді», - дейді ұйымдастырушылар.

Жергілікті ұстаздар қауымы да назардан тыс қалмады. Өңір әкімі Жеңіс Қасымбектің төрағалығымен өткен келелі жиынға Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов қатысты. Жергілікті оқытушылар мүмкіндікті пайдаланып, көкейдегі сұрақтарын қойды.

Халима Жаудінова, Қарағанды политехникалық колледжінің оқытушысы:

Болашақта бюджетті қалалық және аудандық білім басқару бөлімдегі облыстық білім басқару бөліміне қарастыру мүмкіндігі жүріп жатыр. Осы сұраққа қатысты сіздің пікіріңізді білуге бола ма?

Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым министрі:

- Жалпы талдауға қарайтын болсақ, FIZA деген халықаралық зерттеу бар. Сол зерттеудің көрсетіп отырғаны бір нәрсе. Бәрі бір. Бірақ та әртүрлі аймақтардың білім саласында бір-бірінен айырмашылығына кемінде 2 жыл. Неге, өйткені бізде ГОСО бар. Өте қатты айырмашылық. Әр білім бөлімі аудан әкіміне бағынады.

Жиын соңында Бердібек Сапарбаев ұстаздарды төл мерекесімен құттықтап, Премьер-министр Асқар Маминнің алғыс хаттарын табыстады.

Бердібек Сапарбаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

Мемлекет басшысының берген тапсырмасы бар. Келесі жылдан бастап жалақы 4 төрт жылдың ішінде 2 есе өседі. Ондағы негізгі мақсат ортақ жалақыға теңестіру. Тәуелсіздік жылдары 1200 мектеп салынды. Осы саясат жалғасады. Жалпы бұл салаға бөлінетін қаражат көлемі 45%. Ол енді аз емес.

Күннің екінші бөлігінде вице-премьер қарағандылық жастармен, ардагерлермен және қоғам белсенділерімен кездесті.

Айта кетейік, Премьер-министр орынбасарының Қарағанды облысындағы жұмыс сапары ертең Жезқазған қаласында жалғасады.

Авторлары: Мейірлан Алтынбек, Ерлан Наурызбаев

Хабар 24 телеарнасы