389,75 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ауыл мектебі директорының бастамасы оқу орнын жабылудан сақтап қалды

  • 180
  • UPD: 23:19, 04.10.2019

Ауыл мектебінің директоры Аян Исабаев жетімдер үйінен 5 бірдей баланы бауырына басып, өзі еңбек етіп отырған білім ошағын жабылудан сақтап қалды.

Ардақ Асылханұлы, тілші:

- Себебі кейінгі жылдары Қарағанды облысының Қарқаралы ауданына қарасты Қоянды ауылындағы бұл мектепте оқушы саны күрт азайған. Енді ұстаздың игі қадамын өзге де ауылдастары қолдап, тағы үш отбасы бала асырап алуға ниет қылып отыр.

Ал осы өңірден шыққан кәсіпкер Нұрлан Қалтаев сауапты іске ден қойған жерлестерін үймен қамтамасыз етпек. Мұғалімдердің кәсіби мерекесі қарсаңында ауызбіршілігі жарасқан осы бір алақандай ауылға «Хабар 24» тілшісі Ардақ Асылханұлы барып қайтты

Аян Исабаевтың Қоянды орта мектебіне директор болып тағайындалғанына небәрі 2 жылға жуықтаған. Ол алғаш жұмысқа келгенде 40 жылдық тарихы бар қара шаңырақ жабылудың аз-ақ алдында тұрыпты. Себебі бала саны 40-қа жетер-жетпес. Білім ошағын сақтап қалудың жалғыз жолы оқушыларды көбейту еді. Басшы бірден жетімдер үйінен бала асырап алуға шешім қабылдайды. Осылайша, өзінің 4 баласына қоса 5 бірдей бүлдіршінді бауырына басқан.

Аян Исабаев, Қоянды орта мектебінің директоры:

- «Ауылым – алтын бесігім», дейді ғой. Ауылдың білесіздер, жүрегі – мектеп. Мектеп болмаған жерде халық та отырмайды. Бұрын көш көп болса, қазіргі жағдайда көш тоқтап, керісінше, жас отбасылардың сырттан көшіп келуі басым. Ауылға қайтып жатыр. Бұл әрине, нұр үстіне нұр, отбасылар көбейіп, мектебіміз балаға толып жатса.

Осындай үлкен жауапкершілікті мойнына алған Аян балаларын мектептен тыс уақытта да еңбекке баулып, тәрбиелеп келеді. Бес ұлы – қолқанаты. Көктемде еккен көкөністері мол өнім беріп жатыр. Бау-бақшада әр баланың өз ағашы бар. Оларды мәпелеп отыруды өздеріне жүктеген.

Ал балалардың сабағын, оқу үлгерімін үйде отанасы Әлия Исабаева қадағалап отырады. «Алғашқыда бүлдіршіндер жатырқағанмен, қазір бір үйдің баласындай тату-тәтті», - дейді ол.

Әлия Исабаева, Қоянды ауылының тұрғыны:

Балалар енді қалыптасты. Қазір бүкіл мәдени іс-шараға қатысады, концертте тақпақ айтады. Ақнұр мысалы, өлең айтады. Әсет футболға жақын, Руслан ағылшын тіліне жақын, таяуда олимпиадаға барады.

Ең бір қуантарлығы, Аянның бұл бастамасын қазір ауылдастары да қолдап, көпшілігі бала асырап алуға ниет танытып отыр. Бүгінгі күні үш отбасы құжаттарын тапсырып қойыпты. Ал оларды үймен қамтуды жергілікті кәсіпкер Нұрлан Қалтаев өз мойнына алған. Қазір үш үйдің құрылысы аяқталуға жақын.

Нұрлан Қалтаев, кәсіпкер:

Мына үйлер нақты сол кісілерге салынып жатыр. Бұл балаларды иманды қылып, еңбекқор қылып тәрбиелесек, Отанымызды сүйетін, патриоттық сезімдерін оятып, дұрыс азамат қылсақсол біздің басты мақсатымыз.

Ауыл азаматтары бірер жылда 26 баланы асырап алмақшы.

Айта кету керек, жуырда Қоянды ауылындағы білім ошағы ресми түрде орта мектеп мәртебесін алды.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин

Хабар 24 телеарнасы