389,86 435,60 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ШҚО-да «Еңбек» бағдарламасы сәтті жүзеге асып жатыр

  • 166
  • UPD: 14:06, 05.10.2019

Шығыс Қазақстан облысында «Еңбек» бағдарламасы сәтті жүзеге асып жатыр.

Мәселен, бір ғана Күршім ауданында әр түрлі жоба бойынша 300-ден астам адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Бірі несие алып кәсібін ашса, екіншісі гранттар арқылы жобасын жүзеге асыруда. Ал шеттен көшіп келген қандастарымыз ешкімге қол жаймай, ауыл тұрғындарын ұйымдастырып, жұмыс орындарын ашуда. Солардың бірі Сарыөлең ауылының тұрғыны Аман Мағауия.

Аман ағаның үйінде қызу тіршілік. Мұнда шағын цех ашылып, құмнан кірпіш құйылып жатыр. Ауылдың бірнеше тұрғыны жұмыспен қамтылған. Қытай Халық Республикасынан 2010-жылы көшіп келген қандасымыз қазір зейнет демалысында. Десе де қарап жатпай кәсіпкерлікпен шұғылдануды жөн санапты. 

Аман Мағауия, ауыл тұрғыны:

- Күніне 3 адам мың кірпіш құяды. Оның сыртында тақтай кесеміз, жүк көтергішпен жұмыс істейді ұлдар. Түгел жаңаланып жатыр, жылдан жылға үйін, қора жайын, ас үйлерін түгел жаңалап жатыр. Құрылыс материалдарына, біздің істеп жатқан жұмыстарымызға сұраныс өте көп. Жастарға, ауылдағы азаматтарға айтарым, жұмыс ауылда. Ауылда істейтін жұмыстың түрі өте көп. Мұнда үлкен бәсеке жоқ. Дәл осындай орайда дамып кетуге әбден болады деп ойлаймын. 

Іскер азамат жазда кірпіш құйып, құрылыс материалдарын шығарса, қыста мал бордақылауды қолға алады екен.  Жеке кәсіпкер ретінде түскен пайдадан салығын үнемі уақытында төлеп тұратын ұқыпты жан. 

Сәндібек Дүзбаев, күршім ауылдық округінің әкімі:

- 6 салық түрі бар, олардан түскен салықпен біз қазір жұмыс істеп жатырмыз. Былтырғы жылы 46 миллион теңге жоспарланған, біз 50 миллион 100 мың теңге көлемінде алгоритм бойынша тауып жұмыс атқардық. Көп балалы аналарға Президентіміздің үлкен тапсырмасы бар. Сол бойынша жұмыс атқарып жатырмыз. Гранттарымыз бар, мемлекеттік бағдарламалар, қазірдің өзінде бізде 4 көпбалалы отбасы жобаларын қорғап, гранттарға ие болып, өздерін жұмыспен қамтып жатыр. 

Соңғы мәліметтер бойынша, жалпы Күршім ауданында «Еңбек» бағдарламасының екінші бағыты бойынша 35 адамға 245 миллион теңге несие, 61 жобаға гранттық қаржы беріліпті. Оның 19-ы көп балалы отбасылар, 28-і  жастар, 2 мүмкіндігі шектеулі азаматтар. 

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Берік Жобалайұлы

Хабар 24 телеарнасы