389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жезқазғандықтар Сапарбаевтан суық су және жылуға қатысты мәселені шешіп беруді сұрады

  • 133
  • UPD: 08:38, 06.10.2019

Келер жылдан бастап Жезқазған мен Қызылорда қалаларын жалғайтын тас жолды жөндеу жұмыстары басталады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал 2021 жылға қарай Жезқазған-Қарағанды жолын жаңғырту жоспарланып отыр. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаевтың Қарағанды облысына жасаған жұмыс сапары кезінде айтылды. Сондай-ақ Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек келесі жылы өңір бюджетінің тағы 5 млрд теңгеге артатынын айтты. Бұл қаражат әлеуметтік проблемаларды шешуге жұмсалады.

Мирлан Алтынбек, тілші:

- Вице-премьер Бердібек Сапарбаев Қарағанды облысындағы жұмыс сапарының екінші күнін Жошы хан мавзолейінен, Хан ордасынан бастады. Бұл жерде бірқатар реконструкциялық жұмыстардың жүргізу қажеттілігін айтып, жергілікті басшылыққа нақты тапсырмалар берді.

Бірінші кезекте ұлт ұясы Ұлытаудан бастап Алтын Орданың 750 жылдығын республикалық деңгейде атап өту қажет. Осыған байланысты дайындық жұмыстарын қазірден пысықтау керек. Жошы хан кесенесін халықаралық талаптарға сай етіп, ЮНЕСКО мұрасының тізіміне енгізу де басты міндеттердің бірі.

Осылайша, отандық туризмді дамыту үшін 2020 жылдан бастап инфрақұрылым мен жол салу, археологиялық зерттеу жұмыстары қолға алынбақ. Мәселен, соңғысын жүзеге асыру үшін жергілікті бюджеттен 38 млн теңге қарастырылған. Жалпы жыл басынан өңірге 30 мың турист келген. Оның 3 мыңы шетелдік меймандар. Тұжырымдамаға сәйкес Ұлы Жібек жолы бағдарына басымдық берілмек.

Сонымен қатар вице-премьер күллі Алаш жұрты үшін қасиетті саналатын Алаша хан мазарына барды. XI-XII ғасырларда тұрғызылған сәулет өнерінің күмбезін жақыннан көру үшін екінші қабатқа шығу мүмкіндігі қарастырылған. Жоғарыға апаратын шағын туннель мен баспалдақтар көне заманнан бергі архитектуралық шешімге жатады.

Мирлан Алтынбек, тілші:

Ұлытаудағы киелі жерлердің бірі – Әмір Темірдің тасқа қашап жазған қолжазбасы. Бұл жер тек Темірлан емес, Тоқтамыс хан мен Ер Едіге туралы аңыздардан сыр шертеді.

Тарихи деректерге сүйенсек, Алтын Орда ханы Тоқтамыс пен Ордалық ұлы қолбасшы,әмір Едіге де осында жер қойнына берілген. Ұлытаудағы Алтын шоқы тауындағы тас тақтаға 1391 жылы осында болғаны турасында Әмір Темір жазба қалдырған. Вице-премьер киелі өңірдегі тарихи орындарды бір-бірімен жалғайтын бағыт-бағдардың аса қажеттігін айтты. Осыған байланысты Ұлытау ауданы орталығында арнайы «Сапар орталығы» мен Өлкетану музейінің құрылысы жүріп жатыр. Құрылыс жұмыстарына отандық мамандарды көптеп тарту, кейбір жобаларды қайта қарау, уақытынан кешіктірмеу сынды нұсқаулар берілді.

Нұрғиса Дауешов, ҚР Мәдениет және спорт министрінің орынбасары:

- Басты мақсат – мемлекет басшысының жолдауын кеңінен насихаттау. Және халықпен тікелей кездесіп, халықтың әл-ауқатын білу, жүздесу. Және де өздеріңіз жақсы білесіздер. Келесі жылы алдымызда Алтын Орданың 750 жылдығына тойлау мақсатында айтулы мереке жоспарланып жатыр.

Ал Ұлытау ауданы орталығында вице-премьер жергілікті тұрғындармен кездесіп, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдауына қатысты түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Негізгі бағыттардың қатарында – әлеуметтік сұрақтар. Бүгінде елімізде 2 млн-ға жуық азамат атаулы әлеуметтік көмек алып келетіндігі айтылды. Өңір басшысы моноқалаларды дамыту барысында келер жылы Сәтпаев – Ұлытау, Ұлытау – Арқалық жолдары жөнделетіндігін де уәделетті. Сонымен қатар жаңадан ашылған дәрігерлік амбулатория жұмысымен танысты.

Бердібек Сапарбаев Жезқазған қаласына да барды. Аймақ әкімі Жеңіс Қасымбек вице-премьерді қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы, жаңа әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандардың құрылысы туралы хабардар етті. Салынып жатқан 900 орындық жаңа мектептің құрылысын аралау барысында жезқазғандықтар суық су және жылуға қатысты мәселені шешіп беруді сұрады.

Сағындық Қожамсейітов, Жезқазған қаласы қоғамдық кеңесінің төрағасы:

- Судың толық Жезқазғанға келуіне мына водовоздың жаңадан салынуына көмектесуіңізді сұраймыз. Қала біраздан бері бар ғой. Ауыз судың шешілмей келе жатқаны, соны назарға алсаңыздар дейміз.

Бердібек Сапарбаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

- Сіздердің жағдайларыңызды, тұрмыстарыңызды өзіміздің көзімізбен көріп, шешілмей жатқан мәселелердің шешілуіне көмектесейік. Сіздер білесіздер, мемлекет басшысының Жезқазғанға деген көңілін.

Вице-премьер 2008 жылы Жезқазған қаласында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі республикалық форум туралы сөз қозғап, онда қойылған тапсырмалардың кезең-кезеңмен шешіліп жатқанын тілге тиек етті. Сондай-ақ қаладағы 200 апатты үй мәселесін шешу үшін 2 жыл ішінде 120 баспана салынатыны жөнінде де айтылды. Алғашқы тұрғындары биылдан бастап қоныс тойын тойламақ. Жергілікті азық-түлік бағасы да ел бойынша қазіргі қолжетімді деңгейде сақтала бермек. Ал өңір басшысы Жеңіс Қасымбек болса, жарты ғасырға жуық уақыт бойы тозығы жеткен құбырлардың жаңғыртылып, жол жөндеу жұмыстары қарқынды түрде қолға алынатыны жөнінде уәде берді.

Жеңіс Қасымбек, Қарағанды облысының әкімі:

- «Қазақмыс» компаниясымен келісімге келдік. Олар қаражатты бөліп жатыр. Келер жылы толығымен 50 шақырым су құбырлары толық жөндеуден өткізіледі.

«Қазақмыс» компаниясы көп балалы және аз қамтылған қызметкерлері мен жас мамандарға баспана жағынан да ұдайы көмектесіп отырады, дейді вице-премьер. Ол сондай-ақ, жезқазғандықтардың қалада дарынды балаларға арналған Назарбаев Зияткерлік мектебін ашу туралы ұсынысын қолдады. Бұл мәселе таяуда Үкімет қарауына беріледі.

Хабар 24 телеарнасы