389,75 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Атырауда «Іскер ана» жобасы аясында 113 адам өз кәсібін бастап кетті

  • 143
  • UPD: 08:56, 06.10.2019

Атырауда «Іскер ана» жобасы сәтті жүзеге асуда. Мемлекет көмегіне сүйенген үй шаруасындағы әйелдер кәсіп ашып, қолдан келер бизнестерін бастап жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жоба басталғалы облыс бойынша 113 адам қажетті құрал-жабдықтармен қамтылды. Тағы 85 әйел кезекте тұр.

Арыстанбек Кенже, тілші:

- Мемлекет қолдауына ие болған аналар бизнес әлеміне алғашқы қадамдарын үйде отырып бастап жатыр. Солардың бірі алты баланың анасы Әйгерім Бексұлтанова осыдан екі жыл бұрын қолға алған кәсібін кеңейтіп, құрбыларын тігіншілікке үйретуде. Ісмер қолдан шыққан мына бұйымдар кез келген фабрикалық өнімге бәсекелес болатындай. Қазір оның 5 үйренушісі бар. Келешекте Әйгерім жаңа қондырғы алып, өндірісті кеңейтпек.

 Әйгерім Бексұлтанова, жобаға қатысушы:

Лазерлік аппарат алғым келеді. Егер ол аппаратты алсам, менің жұмысым оңайлайды. ою-қиюдың өзі ұзақ уақыт алады. Мысалы, бір оюдың ұзындығының өзі 2 метрге жақындайды.   Ал лазерлік станок болса, өте жеңіл болады. Менің лазерім болса, қасыма қыздар алар едім. 

Жыл басынан бері облыста өз кәсібін ашуға бел буған жүздеген ана арнайы шеберлік курстарын тәмамдады. Олар тұрмысқа қажетті 12 мамандық бойынша дәріс алып шығыпты. Нәтижесінде бүгін 113 адам құрал-жабдықтар алып, істерін бастап отыр. Облыстық ішкі саясат басқармасы жанындағы Азаматтық орталыққа тағы 85 ана жобаға қатысуға ниет білдіріпті.

Жанар Қауысқалиева, облыстық ІСБ азаматтық орталық жетекшісінің орынбасары:

- Мысалы массажды бітіргендерге массаж креслосы, тігінші бітіргендерге тігіншіге қажетті іс машиналары, қайшы ,деген сияқты құрал-жабдықтар, ал визажды бітіргендерге керекті косметикалық заттардың барлығы берілді.

Курс тыңдаушыларының тірлігін Азаматтық орталық үнемі назарда ұстайды. Егер кәсібі жүріп, өздері секілді тұлғаларға жұмыс тауып берген жағдайда қаржылай қолдау көрестіледі. Айтқандай, жыл аяғында биыл кәсібін бастаған аналарға 500 мың теңге көлемінде грант қарастырылыпты. 

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Темірлан Сұлтанғазиев

Хабар 24 телеарнасы