389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматыда қарттарды құрметтеуге арналған қайырымдылық шарасы өтіп жатыр

  • 134
  • UPD: 10:43, 06.10.2019

Мақсат – көпті көрген қазыналы қариялардың өнегелі өмірін жастарға үлгі ету. Солардың ішінде бір ғасыр өмір сүрген ақжаулықты әжелер де бар.

1910 жылы туған Әсел Ермекбаева 10 баланы дүниеге әкеліп, олардан 30 немере, 48 шөбере, 1 шөпшек көріп отырған бақытты жан. Ұлы Отан соғысы жылдарында тылда еңбек еткен абзал ана бүгінде 109 жаста. Соған қарамастан өзін тың сезінеді. Жастайынан бейнет көрсе де, «осы күнге еңбектің арқасында жеттім», - дейді қарт ана.

Әсел Ермекбаева, батыр ана:

- Еңбек еттік, мал бақтық. Мал бағу деген де оңай емес ол кезде. Қазіргідей қора, дүние, шөптің бәрі дайын емес қой. Сол кездегі адамдар пысық екен әуелі. Қазір енді дүниенің бәрі дайын. Сендерге қызықтарын көрсетсін. Жастардың жасы ұзақ болсын, бақытты болсын. Істеген жұмыстарын адал істесін. Таза жолмен жүрсін. Арамдыққа бармасын.

Екі ғасырдың куәгері Әсел апа қазіргі заманның тыныштығына шүкір дейді. Ақ жаулықты ана жастарға батасын берді.

Әсел Ермекбаева, батыр ана:

- Бақытты болыңдар, ер азаматтардың жастары ұзақ болсын. Сендер аман болсаңдар, қыз-жайнап жүреді. Құдай сендерге өмір берсін, жастарың ұзақ болсын, көрген күндеріңнен көрмеген күндерің жақсы болсын. Әумин

Ал, 105 жастағы Әсембала Молдабекова, қазір 6 баласынан тараған ұрпағының қызығын көріп отыр. Жұмыс таңдамай, қай іске болсын білек сыбана кірісіп, еңбек еткен батыр ана ауыр күндер артта қалса да, оның тағылымын ұрпағына айтудан жалыққан емес.

Қалкен Әмірханов, Ә.Ермекбаеваның ұлы:

- Бізді жеткізу үшін нешетүрлі жұмыс жасады. Еңбек армиясында да болды. Соғыс кезінде темір жолда да жұмыс істеген. Сол кезде 8-9 ай жұмыс істеп қайтқан. Содан қыс түскеннен кейін қайтарған. Содан әйтеуір Балқаш көлі арқылы өтіп, арып ашып, біра адам жолда қалды, қалғанымыз жеттік, содан тірі келген 3-4 адамбыз деп айтып отыратын.

Рахилям Махпирова, қалалық әлеуметтік әл-ауқат басқармасының бөлім басшысы:

- Көпті көрген қазыналы қарттарға келіп, олардың әңгімесін тыңдап, батасын алу өнегелі іс деп санаймын. Мұндай шаралар қазіргі жастар үшін жақсылық жасаудың, қамқорлық көрсетудің нағыз үлгісі. Қиындыққа мойымай, ұрпағыңның бақыты үшін өмір сүріп, еңбек етуді жастар осындай қариялардан үйренуі керек.

Қайырымдылық шара аясында қарияларға азық-түлік, сый-сияпат жасалды. Әлеуметтік әл-ауқат басқарамасы мамандарының айтуынша, Алматыда көп жасаған 35 қария бар. Қарттар айлығы аясында олардың бәріне лайықты құрмет көрсетіледі.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Кенже Амраев

Хабар 24 телеарнасы