389,71 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Маңғыстаудағы қорымда мәйіттер зороастризм діні бойынша жерленген

  • 179
  • UPD: 22:27, 06.10.2019
Маңғыстаудағы қорымда мәйіттер зороастризм діні бойынша жерленген

Маңғыстау облысындағы «Алтын қазған» қорымында археологиялық қазба жұмыстарының алғашқы кезеңі аяқталды. 5 жылға созылған зерттеудің нәтижесінде Ғұн дәуірінде жерленген адамдардың сүйегі мен сыйыну орындары табылды.

Бүкіл әлемде баламасы жоқ «Алтын қазған» тарихи кешенінің әлі ашылмаған сыры көп. 130 гектар аумақта 200-дей археологиялық нысан жатыр. Мамандар оның тек 15-ін ғана зерттеп үлгерді. Құрбан шалатын орындар, ондағы қабірлер мен жерлеу рәсімін зерделеген ғалымдар бұл қорымның «Үнсіздік мұнарасы» аталып кеткен «Дахмаға» ұқсайтынын айтады. Мұнда мәйіттерді зороастриялық жерлеу салты бойынша орналастырған. 

Бекболат Төлегенұлы, облыстық тарихи-мәдени қорығының директоры: 

- Бұл қазіргі таңда тек Қазақстан ғана емес, Маңғыстау үшін ғана емес, жалпы Еуразия аймағында теңдесі жоқ ескерткіш. Себебі соңғы 5 жылдағы зерттеу жұмыстары, үлкен іздері, бұл ғұрыптық кешеннің маңында үлкен қоныстың бар екенін айтқан болатын. Сол археологиялық зерттеу жұмыстарының негізінде сол қоныс орны табылды десе де болады. Қазіргі таңда осы қорытынды жұмыстары аяқталып болғаннан кейін алдағы бір айда сол қоныстың орнын қазатын боламыз. 

Археологтардың айтуынша, аталған кешен 4 ғасыр бойы қолданыста болған. Бүгінде мамандар нысанды ежелгі қалпына келтіруге әрекеттенуде. Новосібір қаласынан келген археолог үшінші жыл қатарынан борлы сиыну орнын жинақтау үстінде. Ауыр жұмыстар далалық жерде басталса, зертханада аяқталады. Алдағы уақытта біз  антикалық дәуір мен ерте ортағасырлық кезеңде қолданылған сыйыну орнын музейден көріп, тамашалайтын боламыз. 

Евгений Богданов, археолог /Ресей/:

- Бұл  керемет нәрсе. Мұндай сыйыну орнын тек Алтынқазғаннан ғана кездестіріп отырмыз. Олардың пішіні тікбұрышты және жарты шеңбер түріндегі бағаны бар. Ол не үшін қажет болған? Онда оттың ізі жоқ. Алайда осы сыйыну орнында қандай да бір рәсімдердің жасалғаны анық. Мүмкін оны пайдаланып болған соң сындырып тастаған шығар? Әзірше бұл тек болжам ғана. Ортасында ойығы бар. Бұл жерде рәсім жасалынған, мүмкін бұл орынға су құйылған шығар. Ал оның айналасына жансыз денелер қойылған болуы мүмкін. 

Егер спутниктен қарасаңыз, Ұлы Жібек жолының солтүстік тармағының 2 керуен жолы Алтынқазған арқылы өткенін көресіз. Мұның бірінен археологтар қуатты қолөнер орталығын тапты.

Андрей Астафьев, археолог:

- Бұл кезінде үстінен сауда керуендері өткен қандай да бір киелі нысан, киелі орталық болған деген болжам бар. Ол арқылы маңызды сауда жолдары жалғасқан. Бұл жер тек көшпенділер немесе керуеншілер үшін ғана емес, сонымен қатар бағыт сілтеуші нысан ретінде маңызы зор болған. Адамдардар тоқтап, ата-баба аруағына сыйынған. Бұл әзірге болжам. Біз жақын маңайда қала болуы керек деген шешімге келдік. 

Қазір археологтар ежелгі Қарақабақ қаласына қатысты барлық мәліметті құпия сақтап отыр. Ғажайып сырға толы елдімекен туралы ақпаратты ғалымдар күздің  соңына таман жарияламақ. Ал бүгінде бұл  нысан бүкіл Еуразия құрлығындағы дала тарихына қатысты мәселелерді қозғауға түрткі болып отыр. Отандық мамандар Алтынқазған туралы кітап жазуды қолға алса, француздық кинематогрофтар осыдан бір ай бұрын Маңғыстаудағы ежелгі кешенде түсірілген ғұндар тарихы туралы таспаны дайындау үстінде. Болашақта бұл кешенді ашық аспан астындағы мұражайға айналдырып, туристерге таныстыру жоспарда бар. 

Авторлары: Гүлмира Әбішева, Ренат Досалиев

Хабар 24 телеарнасы