389,53 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


АӘК алатын мыңдаған отбасының қымбат көлік мініп, зәулім үйлерде тұратыны анықталды

  • 89
  • UPD: 10:34, 07.10.2019

Елімізде атаулы әлеуметтік көмекті заңсыз алатындар көбейіп кетті.

Тексеріс барысында олардың жағдайы жақсы екені анықталып жатыр. Сорақысы сол, кейбіреуінің бірнеше қабатты зәулім үйде тұрғаны белгілі болды.

Дәнікеннен, құныққан жаман. Қазына қаржысын қалтасына басып қалатын «пысықайлар» ел арасынан шығып жатыр. Мәселен, Шымкентте атаулы әлеуметтік көмек алғандардың қымбат көлік мініп, зәулім коттеджде тұратыны анықталды. «Қала бойынша 8 мыңдай отбасы табысын жасырып, оңай олжаға кенелмек болған», - дейді мамандар.

Ғалымжан Балтаев, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы:

– Жыл басынан бері атаулы әлеуметтік көмекке өтініш білдірген отбасылардың саны – 74 520. Бүгінгі таңда олардың 62 731 қаралып, 52 874 отбасыға 44,6 миллиард теңге тағайындалды. Ал қабылданған өтініштер саны 2018 жылдың көрсеткіштерімен салыстырғанда 6,9 пайызға өскен. Яғни былтырғы жылы 10 мың 774 отбасы тапсырған.

Жамбыл облысында атаулы әлеуметтік көмекті 7 мың отбасы заңсыз алған. Олар да кірісін көрсетпей, мұқтаж жанның кебін киген. Кейбіреуі мыңғырған мал айдаған бай бағлан. Арасында кәсіпкерлер де бар.

Тимуржан Нұрымбетов, облыстық ЖҚҮӘБ басқармасының басшысы:

– Оның ішінде 933 отбасы 133,5 млн теңгені қайтаруы тиіс. Осы жұмыстар атқарылуда. Жалпы осы отбасыларға тағайындалып қойған 362 млн теңге тоқтатылды.

Шығысқазақстандық мына бір әйел ұяттан бет-жүзін көрсетпей тұр. Ол да «жағдайым жоқ» деп, атаулы әлеуметтік көмек сұрағандардың бірі. Енді алған ақшасын қайтарып береді.

Елдің бәрі бірдей емес. Оралдық Айдана Ихсанова жәрдемақысын жұмсамай, іске салды. 4 баланың анасы жаз бойы 200 балапан бағып, енді сатып жатыр.

Айдана Ихсанова, қала тұрғыны:

– Құс өнімдерін алып, қазіргі таңда оларды сатып бала-шағамызға, өзіміге жететіндей азық-түлікпен қамтамасыз етілдік. Бізге бұл оң жағынан деп айта аламын.

Атаулы әлеуметтік көмек - табысы төмен отбасыларға арналған жәрдемақы. Соны ұғып алған абзал.

Авторы: Айдарбек Айтмұхамбетұлы

Хабар 24 телеарнасы