389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қостанай облысында 10 мыңға жуық адам АӘК алады

  • 109
  • UPD: 10:34, 07.10.2019

Қостанай облысында 10 мыңға жуық адам атаулы әлеуметтік көмек алады.

Олардың арасында жұмыс тауып, кәсіп ашып, тұрмыс жағдайларын түзеп алғандар да аз емес.Солардың бірі – Сырмахановтар отбасы. Қызылордадан Қостанай облысына көшіп келген жанұя өз еңбектерінің нәсібін көріп отыр.

Яштайбек қария мен Жәмила әжей кенже ұлдың отбасымен бірге Сыр өңірінен Жітіқара ауданының Пригородный ауылына бір жыл бұрын қоныс аударды. Мемлекет тарапынан берілген атаулы әлеуметтік көмектің арқасында келген бетте баспаналы болды. Баласы Нұрлыбек бухгалтер болып жұмысқа орналасты. Ал келіні Құралай «Еңбек» бағдарламасы арқылы шағын несиеге төрт сиыр сатып алып, жеке кәсіпкер атанып отыр.

Жәмила әжей дайын ағаш болмағандықтан, күбіні темір трубадан жасап берген шалының қол ісмерлігі бар екендігін айтып мақтанып қойды. Осы күбінің көмегімен күнделікті сүтінен, майын айырып, айран жасайды. Одан қалды құрт, сүзбесі тағы бар.

Жәмила Сырмаханова, Пригородный ауылының тұрғыны:

– Қазіргі таңда зейнетақыға қарап отырмаймыз. Сүтті өткізіп жібереміз, бір жетіге жинасаң, 10 мыңдай ақша шығады. Тамағымызға 10 мың жетеді.

Яштайбек қарияның оңтүстіктен әкеліп еккен жеміс ағаштарының күтім-бабымен айналысуы күнделікті әдеті. Осы бір аумақты бау-баққа айналдысам деген ойы бар.

Яштайбек Сырмаханов, Пригородный ауылының тұрғыны:

– Жер ана сені қай жерде болса да, қайтарыммен қайтарады. Ерінбеу керек.

Жалпы Жітіқара ауданында 600 отбасы атаулы әлеуметтік көмекке ие. Соның ішінде еңбекке жарамды 514 адам жұмысқа орналастырылған. 30 адам дайындық курстарына жіберілген. Олар екіарадағы келісім-шарт талаптарын орындауға міндетті. Керісінше болған жағдайда атаулы көмектен де айырылады.   

Әлия Мекебаева, Жітіқара аудандық еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы:

– Қазір біз 32 адамға атаулы әлеуметтік көмекті 50 процентке қысқартатынымыз туралы ескерту жібердік. Оған құлақ аспаса, төлеуді толық тоқтатамыз. Бұл шаралар тек еңбекке жарамды адамдарға ғана қолданылады.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг

Хабар 24 телеарнасы