389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Менің кәсібім» жобасы кімдерге арналған

  • 166
  • UPD: 13:09, 07.10.2019

Атаулы әлеуметтік көмек өз алдына, «кәсіп ашамын» деген көп балалы аналарға қайтарымсыз грант беріле бастады.

Қаржы қолжетімді болуы үшін нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасына өзгеріс енгізу мәселесі қаралып жатыр. Одан бөлек, кәсіпкерлік дағдыларын дамытуға және бизнес ашуға қолдау көрсететін «Менің кәсібім» жобасы іске аспақшы. Жоба үйлестірушілері мұқтаж жандарға бизнестің қыр-сырын үйретіп, табыс табу жолдарын көрсетеді.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «балық берме, қармақ бер» қағидасын ұстана бастады. Атаулы әлеуметтік көмек сұрағандардың қатары көбейген сайын, осы мақсатқа жоспарланған бюджеттің де түбі көрінгендей. Мұқтаж жандардың саны 2 млн-ға жуықтаған.

Берік Шолпанқұлов, ҚР қаржы министрінің бірінші орынбасары:

– Атаулы әлеуметтік көмек алатындардың қатары көбейіп жатыр. Бұған дейін қабылданған өтініштер бойынша қаржы есептелген еді. Ол тоғыз айдың қортындысы. Күн сайын жаңа өтініштер түсуде. Біз 1 млн 400 мың адамға есептеген едік. Ал қазір 1 млн 800 мың адам болды.

Төленетін жәрдемақыға иек артпай, жеке кәсіп ашып, өзін-өзі жұмыспен қамтимын дегендерді мемлекет қолдауға дайын. Мысалы, «Еңбек» бағдарламасы алдымен жұмыспен қамтуға бағытталған. Сосын кәсіпкерлердің қатарын көбейтуді көздейді. Бағдарлама бойынша 19 мың адамға шағын несие беру жоспарланса, жартысы кәсібін бастап кеткен. Көп балалы отбасыларына басымдық берілген.

Ерболат Абулхатин, ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қамту министрлігінің департамент басшысы:

– Сонымен қатар қайтарымсыз гранттар аз қамтылған, көп балалы немесе еңбекке жарамды мүмкіндігі шектеулі жандарға беріледі. Жалпы 500 мың теңге шеңберінде беріледі. Қайтарымсыз гранттар ол бірінші кезекте өз бизнесіңді ашуға, яғни технологиялық құралдар алуға, тігін машинасын немесе үйден тамак пісіретін болса, тағы басқамен айналысатын босла, осындай құрал-жабдық алуға беріледі. Сонымен қатар көп балалы отбасыларды бизнеске қамту бағдарлама арқылы іске асырылып келеді. Енді көп балалы аналарға қолжетімді болу үшін бағдарламаға өзгеріс енгізіледі. Ол енді пайыздық үстемесін қайта қарау, беру мерзімін ұзарту.

Яғни бағдарламаға өзгеріс енгізіліп, пайыздық үстеме жеңілдесе, біраз адамның кәсіп ашуға мүмкіндігі бар. Көкшетаулық көп балалы ана Ғалия Алдабергенова тігін шеберханасын ашып, 17 адамды жұмыспен қамтып отыр. Тәжірибелі тігіншінің қолынан шыққан бұйымдарға сұраныс бар. Өзі ізденуден жалықпайды. Кәсіпкерлерді қолдау ұйымдары өткізетін курстарға барып, білімін жетілдіріп отырады.

Ғалия Алдабергенова, көп балалы ана:

– Мен жақында ескі жазбаларымды тауып алдым. Онда мен «арманым – өзімнің жеке сән үйімді ашу» деп жазыппын. Қазір ойласам, ол арман сол уақытта орындалмастай көрінгенмен, міне, қазір араға 15 жылдай уақыт салып соған жетіп отырмыз. Ал мұның барлығы әрине оңайлықпен келген жоқ. Алғашқы жылдары біраз қиналдық.

Қуантарлығы, Ғалия сияқты кәсібін дөңгелетіп отырғандардың қатары көбейіп келеді. Өткен 8 айдың қортындысына көз жүгіртсек, біраз адам «Еңбек» бағдарламасының жемісін көрген. Бағдарламаға 402 мың адам қатысса, оның жартысынан көбі жұмыс тауыпты. Біразы мұқтаж отбасыларының мүшелері. 32 мың адам қысқа мерзімді курстарға жолдама алса, тең жартысы оқуды аяқтаған. Кәсіпкерлік негіздеріне 75 мың адамды оқыту жоспарланса, 33 мыңы арнайы курсты тәмамдады. Бұл жұмыстар әлі де жалғасады.

Авторлары: Ақсәуле Байменшина, Ғани Алшынбаев

Хабар 24 телеарнасы