389,59 429,68 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қарағанды облысында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен қандай жұмыстар атқарылды

  • 132
  • UPD: 13:34, 07.10.2019

«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасына биыл Қарағанды облысынан тек үш аудан енген.

Нұра, Жаңарқа, Ұлытау селосының әрқайсысына қазынадан шамамен 500 миллион теңгеден қаржы бөлініпті. Ол ақша бүгінгі күні игерілді ме, қандай жұмыстар атқарылды?

Нұра кентіндегі музыкалық мектеп ұжымы бұған дейін ескі ғимараттың бірін паналап келген. 4 үйірменің жүздеген баласы қуықтай бөлмеде дайындалуға мәжбүр болды. Биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша бос тұрған екі қабатты зәулім ғимарат күрделі жөнделіп, өнерлі балалардың игілігіне берілді.

Гүлжан Жұмабекова, музыкалық мектеп мұғалімі:

– Ремонты жақсы жасалған. Сабақ өткізуге ыңғайлы, кабинеттеріміз кең. Орын жеткілікті, бұрын кішкене тар болатын. Оркестр болғанда тіптен тар болатын. Қазіргі кезде барлық кабинеттер үлкен.

Жалпы аталған бағдарлама аясында биыл Нұрада 6 жоба жүзеге асқан. Ол үшін республикалық бюджеттен 450 миллион теңге бөлініпті. Бұл қаржыға «Тәуелсіздік» саябағы мен музей жөнделген. Ал жергілікті стадион толық жаңартылды.

Игорь Пронин, балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры:

– Бөлінген ақша толық игерілді. Футбол, жүгіру алаңдарын жаңарттық. Сондай-ақ қыста шынығатын залдың қабырғасын жылыладық, шатырды ауыстырдық. Келешекте бұл жұмыстар аудан спортының дамуына ықпал етері сөзсіз.

«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша ең көп қаржы Жаңарқа ауданына бөлінген. Мұнда бірінші кезекте тозып тұрған 21 қазандық толық жаңартылды. Енді жуық арада 20 тұрғын үй мен бірнеше әлеуметтік нысанға жылу беріледі.

Нығмет Әбдірахманов, қазандық қожайыны:

– Бұрыңғы қазандықтар әлсіз болды. Сондықтан алып тастап, орнына 600-дік қазандықтар қойдық. Бұлар өте жақсы, тиімді.

Бұдан бөлек кентте екі балабақша күрделі жөнделген. 17 шақырым ішкі жолға асфальт төселіпті. Сондай-ақ 4 көше жарықтандырылған. Мамандардың айтуынша, биыл қаржы тек аудан орталықтарына берілген. Ал келесі жылы ауылдар абаттандырылмақ.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин

Хабар 24 телеарнасы