389,53 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркістан облысындағы ауыл шаруашылығы бағытындағы алқаптарға ағын су баратын күн алыс емес

  • 180
  • UPD: 13:37, 07.10.2019

Биыл Түркістан облысында 13 мың гектар жер қайта қалпына келтіріледі.

Ширек ғасырдан астам уақыт бойы тіршілік нәрінсіз қалған ауыл шаруашылығы бағытындағы алқаптарға ағын су баратын күн де алыс емес. Өңірдегі бітеліп қалған арық-атыздарды аршу міндеті облыстағы «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының облыстық филиалына жүктелген.

Биыл Түркістан облысындағы барлық арық тазаланады. Жыл соңына дейін 955 шақырым каналдың көзі ашылмақ. Қазір Түлкібас ауданындағы 62 канал лай-батпақтан аршылып жатыр. Енді көктемгі жауын суы текке кетпей, арналарды толтырады. Бәрінен бұрын 20-30 жылдан бері су бармай, кенезесі кепкен суғармалы жерлер қайта жанданады. «Бұл жоба ауыл шаруашылығы саласына тың серпін береді», - дейді мамандар. Тазалау жұмыстары нәтижесінде бір ғана Түлкібас ауданында 7 мың гектар жер қайта қалпына келтірілмек.

Қуандық Өмірәлиев, Түлкібас өндірістік бөлімшесінің аға инженері:

– Аудан бойынша 15 500 гектар суармалы жер болатын болса, соның 3 мың гектар жерін ағын сумен қамтамасыз етіп отырмыз. Егер осы жұмыстар дер кезінде іске асса 15 500 гектар жердің барлығын қамтамасыз етеміз.

Сабырбек Мамаев, Түлкібас ауданының тұрғыны:

– Арығымыз тазаланбағалы талай жыл болған еді. Одақтың кезінен бері көміліп қалған. Қазір су ағып жатыр. Азаматтарға рақмет. Халық қуанып жатыр.

Бұған дейін Отырар ауданында да тиісті жұмыстар атқарылып, 4 715 гектар суармалы жер қайта қалпына келтірілді. Тазалау жұмыстарының нәтижесінде аудандағы 6 638 гектар жерді сумен қамту жұмыстары жеңілдеді. Енді каналдарды механикалық тазалау жұмыстары Төлеби мен Түлкібас аудандарында жалғасады.

Жақыпбек Әбдіқасым, ҚР АШМ су ресурстары комитеті облыстық филиалы директорының орынбасары:

– Төлеби ауданында 201 шақырым тазаланатын болса, қазіргі таңда 150 шақырым тазаланып, 70 пайыздай жұмысты тәмамдап отырмыз. Облыс бойынша 955 шақырым канал бойын тазалау жоспарланған. Бүгінгі таңда 650 шақырым тазаланып, 65 пайызға орындалды.

Түркістан облысында су бармай, құрғап қалған 13 мың гектар жер бар. Оны қайта қалпына келтіру үшін республикалық бюджеттен 331 млн теңге қаржы қаралған. Бұл қаражат жалпы ұзындығы мың шақырымға жуық болатын өңірдегі каналдарды тазалауға жұмсалады. Сондай-ақ кейбір каналдар бетондалып, гидроқұрылымдар жүргізіледі. Кейбірінің су өлшеуіш құралдары жаңартылады. «Қазсушар» мекемесі артылған міндеттерді жыл соңына дейін толық орындаймыз деп отыр.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш

Хабар 24 телеарнасы