389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Атаулы әлеуметтік көмек жүйесі айтарлықтай өзгеруі мүмкін

  • 288
  • UPD: 16:12, 07.10.2019

Қазақстандағы балалардың 62 проценті көп балалы отбасынан шыққан.

2020 жылы қандай да бір кіріске қарамастан, осындай жанұялардағы әр балаға 10 мың 625 теңге көлемінде жәрдемақы төленуі керек. Бұл еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтың ұсынысы. Жалпы алдағы жылы атаулы әлеуметтік көмек жүйесі айтарлықтай өзгеруі мүмкін.

Қол жайып емес, адал еңбекпен тапқан ақша қадірлі. Бірақ соңғы кезде қоғамды «масылдық дерті» дендегендей. Бүгінге дейін 73 мыңнан аса отбасы негізгі кірісін жасырып, оңай олжаға қарық болған. Тиісті тексеру нәтижесінде олар мемлекетке 156 млн теңге қайтаруға міндетті. Ал олқылықтар атаулы әлеуметтік көмек берудің қолданыстағы жүйесін өзгертуге негіз болды. Қазір заң жобасы әзірленіп жатыр.

Бердібек Сапарбаев, ҚР премьер-министрінің орынбасары:

– Ең негізгі мақсатымыз – аз қамтылған көп балалы отбасы мемлекеттің әр уақытта қолдауында болады. Біз осы механизмді жергілікті билікпен бірге әрі қарай жүзеге асыруға жұмыс жасаймыз.

Елдегі 1,3 млн бала көп балалы отбасынан шыққан. Жаңартылған атаулы әлеуметтік көмек негізінде келер жылы оларға жаңа жәрдемақы тағайындалады. Яғни отбасылық кіріске қарамастан, 7 балаға дейін тәрбиелеп отырған отбасыларға 42 500 теңгеден 73 375 теңге аралығында төлем қарастырылады. Сондай-ақ мұндай балаларды кепілді әлеуметтік топтамамен қамту көзделген.

Біржан Нұрымбетов, ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

– Қазіргі таңда негізгі ұстанымдарымыз белгіленген. Ол аз қамтылған жанұялардағы балаларға беріледі. Оның ішінде мектеп жасындағы балаларды ыстық тамақпен, мектеп формасы, оқу құралдарын сатып алу мен жол жүру болса, мектепке дейінгі балаларға білім беру, балалық тамағы жатады.

Мемлекет ұсынған жұмыстан бас  тартқандар АӘК-ті ала алмайды. Шарт осы. Тек өмірлік қиын жағдайға тап болған және өз бетінше шығу мүмкіндігі жоқ азаматтар тиісті қолдауға ие болады.

Біржан Нұрымбетов, ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

– АӘК тоқсан сайын тағайындау тәртібін қайтару және тиісінше шартты және шартсыз көмекті үш айға тағайындау. Бұл бір жағынан атаулы әлеуметтік көмек алатын жанұялардың табысын жасыруға барынша төмендететін болады, екінші жағынан табысты көрсету тәртібі әділ болады. Отбасының жан басына шаққандағы кірісі екінші тоқсанда көбіне азаю жағына өзгеріп жатады. Яғни АӘК тоқсан сайын есептегенде тағайындалған мөлшері ұлғаюы мүмкін.

Айтпақшы, заң жобасына сәйкес учаскелік комиссия көмекке мұқтаж отбасылар бойынша қорытындыны 3 күн емес, 7 күн ішінде шығаратын болады. Ал жобаның өзі қазанның соңында әзірленуі тиіс.

Еске салайық, осы уақытқа дейін елімізде 417 мың отбасыға 206 млрд теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек көрсетілді.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы

Хабар 24 телеарнасы