389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Суицидке бейімділікті емдеуге және алдын алуға бола ма?

  • 109
  • UPD: 20:38, 07.10.2019

Суицид. Қасақана өзін өзі өлтіру. Қазақстан осы қауіпті індет өршіп тұрған әлемдегі он елдің қатарында, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жалпы суицидке бейімділікті емдеуге, алдын алуға бола ма? Мамандар бұл тұрғыда атқарылып жатқан жұмыстардың аз емес екенін алға тартады. Солардың ең маңыздысы – психикалық денсаулықты сақтау шаралары. Өңірлерде құрылған арнайы орталықтарда психологтар өзіне қол салуға әрекет жасаған адамдармен жұмыс істейді.

Осыдан бес-алты жыл бұрын суицид жағынан республикада алдыңғы орынға шыққан Павлодар облысы статистиканы сәл де болса төмендетіпті.

Жыл басынан бері Ертіс өңірінде 130 адам өзіне қол салып қайтыс болған. Суицид жасауға әрекеттенген 220 оқиға тіркеуге алыныпты. Кешенді алдын алу жұмыстары әзірге нәтиже бере қоймағанын аңғару қиын емес. Мұны мамандар да жоққа шығармайды. Суицидке, әсіресе, жасөспірімдер бейім тұрады.

Светлана Гринченко, психолог:

14 пен 29 жас аралығындағы адамдардың арасында көп тіркеледі. Он төрт жас ересек өмірге ауысатын өтпелі кезең. Бұл уақытта мінезі ауыр, салмақты деген жасөспірімнің өзі қатты өзгереді. Жүйке жүйесінде әлсіздік пайда болады. Бойларын үрей билеп, ашуланшақ күй кешеді. Ал, осы кезеңде отбасында немесе жеке басында болатын қиындықтар жағдайды ушықтырып әкетеді. Нәтижесінде жасөспірім өзіне қол салуға дейін барады.

Павлодардағы оңалту орталығы психологиялық денсаулықты сақтауға бағытталған жұмыстарды көптеп өткізеді. Осы орталықта психолог қызметін атқаратын Алина Вязова тағдырдың тауқыметіне түскен талай жандарға қолдау көрсетіп келеді. Туа бітті сал ауруына шалдыққан бойжеткеннің өзіне де кезінде психологиялық көмек керек болған.

Алина Вязова, психолог:

Он екі мүшесі сау адамның өзі күйзеліске түседі. Жан дүниесіндегі арпалысты жеңу үшін онымен сұхбаттасу керек. Ал, бұл жерде мүмкіндігі шектеулі жандар. Жүйке жүйелерінде де ауытқушылық бар. Сондықтан көп жұмыс істеуге тура келеді. Тенингтердің арқасында олар өздерін қоғамның белді мүшесі екенін түсінеді.

Павлодардағы оңалту орталықтарының бірі науқастармен ойын түрінде жұмыс істейтін  әдістемені елімізде алғаш болып жетілдірген. Жуырда ғана жүйке және денені сауықтырудың тағы бір жаңа әдістемесін енгізді. 

Нина Москаленко, оңалту орталығы төрағасының орынбасары:

- Біз осы жылы «Мен болашағымның иесімін» атты азаматтық клуб аштық. Халықаралық ядролық қаруға қарсы альянс бар. Ең бастысы бұл – театр. Онда өмірдегі қиындықтар бейнеленеді. Біздің басты мақсатымыз әрбір қатысушыны қоғамға бейімдеу. Өздерін басқалардан кем санамайтындай етіп тәрбие беру.

Облыстық психологиялық денсаулық орталығы құрылған 5 жыл ішінде талай адамға көмек көрсетілген. Күн сайын сенім телефонына психологиялық кеңеске мұқтаж жиырмаға жуық адам қоңырау шалады. Мамандар олардың есімдерін құпия ұстайды. Жұмыс та жеке дара жүргізіледі.

Светлана Столяревская, психологиялық көмек орталығының меңгерушісі:

- Ересектердің суицидке баруына жеке басының мәселелері, отбасылық дау-дамай түрткі болады. Бұл жұбайлардың ажырасуы, басқа да кенеттен болатын жағдайлар. Адам өзінің бойындағы күйзелісті жеңе алмай қалады. Тығырықтан шығаратын жолды да таба алмайды.

Полиция лейтенанты Ербол Айғожин бір жылда үш адамның өмірін аман алып қалды. Өмірден түңілгендер Ертіс өзені арқылы өтетін көлік өткелінен секіріп кетпек болған.

Ербол Айғожин, облыстық ПД жол-патрульдік полициясы ротасының инспекторы:

- Менің ойымша, бұл дұрыс емес. Жағдайды өзгертуге болады. Соңғы қадамға бармас бұрын адам  балаларын, өзінің отбасын, ата-анасын ойлауы тиіс.

Психологтар мұны жүйке жүйесіндегі әлсіздікпен байланыстырады. Дағдарыстан шығарудың бірден бір жолы – оның жан дүниесін тазарту. Ал, өмірдегі басты құндылықтарды түсіндіру арқылы індеттің алдын алуға болады.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Марат Игіліков

Хабар 24 телеарнасы