389,53 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстан жастар суициді бойынша төртінші орында

  • 124
  • UPD: 20:51, 07.10.2019

Біріккен ұлттар ұйымының мәліметі де жоғарыда айтылғандарды растайды, Қазақстан суицид бойынша алдыңғы елдердің арасында, деп хабарлайды «Хабар 24».

29 жасқа дейінгілердің өз-өзіне қол салуы бойынша көш басындағы бес елдің бірі. 2018 жылы елімізде 2555 адам өзіне өзі қол жұмсаған. Бұрын бұл дерт табысы төмен, әлеуметтік аз қамтылған елдерге тән дейтін.

Қазір дамыған және дамушы елдер үшін өзекті проблемаға айналды. Себебі не?

Бұрын естіп пе едіңіз? 5-6 жастан асқан бала да өзіне-өзі қол жұмсауды ойлайды екен. Көбінде үлкендерге өкпелеген кезде осылай есесін қайтарғысы келеді. Психологтар осылай дейді. Бала ақ пен қараны ажырата алмайды делік. Ал, ақыл тоқтатқан шақта осындай қадамға баратындар ше? Елімізде жыл сайын орта есеппен 300-ден астам адам өзіне-өзі қол жұмсайды.

Әлемде әр секунд сайын бір адам суицидтен көз жұмады. Жылына 1 млн-ға жуық адам мерт болады. Өзін өлімге қиятындардың басым бөлігі 15 пен 45 жас аралығындағылар. Суицидке әйелдерге қарағанда ерлер 3 есе көп барады. 15 жасқа дейінгілердің суицид жасауы бойынша Қазақстан 9-орында тұр. Ал, 29 жасқа дейінгілер бойынша 4-орында.

Альвина Юсупова, психолог:

- Суицид жасағысы келетін адам басқалардың өзіне көңіл бөлгенін қалайды. Яғни, осы әрекеті арқылы айналасындағы адамдар өкініп, қиналса екен дейді. Әрине, әртүрлі жағдайлар болады. Мұнымен ешкімге ештеңе дәлелдей алмайсың. Ол сенің өмірің ғой. Соны бағалаған жөн деп ойлаймын.

Қазір елімізде арнайы психологиялық орталықтар мен қоғамдық ұйымдар ғана осы проблемамен айналысып отыр. Онда да үлкен қалаларда болмаса, ауылдық жерде көңілдің көп бөлінбейтіні рас. Мемлекеттік деңгейде ауыз толтырып айтатын іс-шаралар әлі аз. Өзін өлтіргендердің көбінің құпиясы мен себебі өзімен бірге кетіп жатыр. Жыл басында Қызылордада бойжеткен қыз суға секірді. 3 қазан күні Қостанайда әйел адам дәл осы жолмен өзін өлтірді. Ешкім құтқара алмады. Сол күні елордада қыз бала жоғарғы қабаттан құлады. Павлодарда полиция қызметкері өзіне қол жұмсады. Әріптестері мен таныстары «өзін өлімге қиятындай себеп жоқ еді» деп түсінбей дал болды. Айта берсек, мысал көп. Ең сорақысы, өлімді насихаттайтын арнайы топтар бар.

Михаил Комисаров, ҚР АҚДМ комитет төрағасының орынбасары:

- Өткен жылы әлеуметтік желілерде суицидті насихаттайтын топтардың 250 материалы анықталды. Онда өзін өзі өлтірудің жолдары көрсетіліп, нұсқаулық берілген. Министрлік құқықтық баға беріп, сол материал жарық көрген интернет ресурсқа кіруге шектеу қояды. Сайт әкімшілігіне материалды өшіру туралы ұсыныс жіберіледі.

Сонымен, психологтармен тілдескенде түсінгеніміз. Суицидтің бірінші себебі – адамға көңіл жетпейді. Жалғыздық пен тағдыр тауқыметін көтере алмай морт сынады. Екіншіден, қызметінде бір келеңсіздікке ұшырауы мүмкін. Одан құтылудың оңай жолы өлім деп ойлайды. Үшіншіден, сыртқа білінбейтін психикалық ауруға шалдығуы да мүмкін. Одан да басқа себептер жетеді. Ең бастысы, тығырыққа тірелген жанды дер кезінде байқап, қол ұшын созу керек.

Авторлары: Ақсәуле Байменшина, Ержан Рахманбердиев

Хабар 24 телеарнасы