389,59 429,68 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркістан облысындағы Темірлан ауылына табиғи газ тартылды

  • 159
  • UPD: 21:15, 07.10.2019
Түркістан облысындағы Темірлан ауылына табиғи газ тартылды

Темірлан ауылына табиғи газ жетті. Енді 4 мыңнан астам отбасы көгілдір отынның қызығын көрмек.

Бұл қуанышты жайт осы Ордабасы ауданы орталығының 55 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Темірландықтардың қуанышында шек жоқ. Өйткені көптен күткен көгілдір отынға қолдары жетті. Қажымұқан ауылында орналасқан автоматтандырылған газ реттегіш станциясы пайдалануға берілді.

«Бұл қуаныш бізді ұзақ күттірді», - дейді ауыл тұрғындары. Өйткені 50 жылдан бері от жағып, күл шығарған аналар әбден зәре-зап болған.

Пашарат Ергешова, Темірлан ауылының тұрғыны:

- Көптен күткен мына табиғи газымыз келіп, отбасымызбен қуанып отырмыз. Бұрындары біз көмір тасып, күл шығарып, тартпай қалатын кездері болады. Оның түтінін тазалап жүруші едік. Енді міне, келіндерімізге жақсы, рахат болды. Рахмет айналайындар.

Әбдіғай Бекжанов, Ордабасы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

- Бүгінгі біздің қуанышымыз көгілдір отынның қуанышы. Халық газды 65 жылдан бері күтті. Ел президентінің халыққа жолдауында халыққа мүмкін болса жағдай жасау, солардың қиыншылығына жеңілдік туғызу деген мәселе көп орын алды. Міне, бүгінгі күн соның айғағы.

Бүгінге дейін аудан халқының 5,2%-і ғана көгілдір отынды тұтынып келген. Яғни 5 елді мекен тұрғындары кәсіпкерлер есебінен табиғи газбен қамтылған. Енді темірландықтардың көкейінде жүрген күрделі мәселе шешімін тапты. Аудан орталығында 4127 абонент табиғи газ құбырына қосылды. Бұл аймақ халқының 18,5%-ін құрайды. Игі бастама Ордабасы ауданының 55 жылдығына орай жүзеге асты.

Әліпбек Өсербаев, Ордабасы ауданының әкімі:

Енді осы жұмысты ары қарай тағы да жандандыратын боламыз. 57 елді мекеннің барлығына дерлік жобалау-сметалық құжаттарын жасап жатырмыз Оның біршамасы қазіргі таңда біткен. Ендігі жылдың соңына дейін қалған елді мекендерді газбен қамтамасыз ету үшін жобалық сметалық құжаттары алдағы жылға ұсынылатын болады. Жалпы алдағы 2-3 жылдың көлемінде Ордабасы ауданы толық газбен қамтылады.

Аудандағы Көктөбе, Боралдай, Қызылсеңгір ауылдарын табиғи газбен қамту үшін сараптама жасалса, Амангелді, Ынталы, Батыр ата елді мекендеріндегі газ жүйесі құрылысының құжаттарын әзірлеуге облыстық бюджеттен 19 млн теңге қаралған. Жалпы 2023 жылға дейін Ордабасы ауданын 100% көгілдір отынмен қамтылады деп жоспарланып отыр.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш

Хабар 24 телеарнасы