389,59 429,68 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қарағандылық фермерлер цифрлы технологиямен 10 мың гектар жерге дән еккен

  • 115
  • UPD: 15:41, 08.10.2019

Қарағанды облысында орақ науқаны аяқталуға жақын. Өңір диқандары биыл цифрлық технологияны қолдана отырып, 10 мың гектар алқапқа дәнді дақыл сіңірген болатын.

Күн райының қолайсыздығына қарамастан шаруалар ол жерлерден мол өнім жинауда. Өзге алқаптармен салыстырғанда бидай түсімі екі есеге көп. Олай болса цифрлық жүйені жаппай енгізуге не кедергі? 

Цифрлық жүйеге жаппай көшу үшін шаруаларға ең әуелі заманауи техникалар қажет. Мәселен, мына ақылды кешен егін орағы кезінде егістік алқаптың электронды картасын жасайды. Яғни нақты көлемі мен топырақтың құнарын анықтайды. Кейін көктемде сол ақпаратқа сүйене отырып, егістік алқаптың әр гектарына қанша тыңайтқыш, гербицид себу керек, жердің ылғалдылығы қандай, тұқымды қанша тереңдікке салу қажет деген жұмыстарды автоматты түрде жүзеге асырады.

Павел Лущак, шаруа қожалық жетекшісі:

- Кеңседегі мына негізгі компьтерге егістік алқаптағы кешендерден бір мезетте өте көп ақпарат түседі. Оларды қабылдап, сұрыптап отыру үшін және техникалардың жұмысын үйлестіру үшін жылдамдығы жоғары интернет қажет.

Өкінішке қарай, қазір интернетке көптеген диқанның қолы жетпей отыр. Соның салдарынан ауылшаруашылығын цифрландыру жұмысы да ақсап тұр. Қарағанды облысы бойынша цифрлық технологияны ең алғаш болып егінжайға енгізген Павел Лущак та бірнеше жыл бойы интернет мәселесін шеше алмай келген. Осылайша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінен көмек сұрап, жуырда ауылға интернет желісі тартылыпты.

Арслан Мыңғышев, ҚР СЖҚІА облыс бойынша департаментінің бас маманы:

- Уақыт 2020 жылдан кейін деп айтқан. Жұмыс ақырын баяу жүрген. Біз осы жұмысқа араласқан соң бұл жұмыс жедел шешілді. Яғни 2020 жылға дейін күтпей, уақытты созбай, тез арада 2019 жылы тиісті шаралар жасалып, әкімдікпен бірлесіп, жедел интернет тарттық. 

Алайда ауыл интернеті шаруаларға арзанға түспей тұр. Түрлі қондырғыға кеткен қаржыны есептемегенде, әр ай сайын интернетке 160 мың теңге төлеп тұруға тура келеді екен. Енді осы жағы ойластырылса деген тілегі бар шаруалардың. 

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин

Хабар 24 телеарнасы