389,59 429,68 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


БҚО-да өрттен шыққан қою түтін қала тұрғындарын әбігерге салды

  • 127
  • UPD: 21:32, 08.10.2019

Батыс Қазақстан облысында дала мен орман өртінен бау-бақша серіктестері зардап шекті.

Соңғы 3 күн ішінде құтқару қызметіне өртке қатысты 45 қоңырау түскен.

Өрттен шыққан қою түтін қала тұрғындарын да әбігерге салды. Қазір 40 шақты адам қауіпсіз аумаққа көшірілген. Апат салдарынан электр желісі тіректеріне зақым келіп, аудан аумағында бірқатар елді мекендер жарықсыз қалды.

Талғат Серікқалиұлы, тілші:

– Міне бұл Жайық саяжай аумағы. Бұл жерде 100 шақты үй болса, соның отыздан астамын жалын шарпыған. Абырой болғанда адамдар аман, ал материалдық шығын көлемін мамандар анықтап жатыр.

Саяжайдағы сүреңсіз көріністер көз қуантпайды. Жайық өзеніне жақын орналасқан бұл маңда жасыл-желек көп еді. Қазіргі күйі мынау. Құдды, жау ұшақтарының бомбалауынан кейінгі жағдайға көбірек ұқсайтындай.   

Татьяна Орешкина, Орал қаласының тұрғыны:

– Алапат өрт болды. Үрейленіп, жан-жаққа босқан адамдар. Өртті қолда бар құралдармен өшіруге тырыстық. Біздің саяжай сонау 1978 жылдары салынған еді. Мұнда жеміс-жидек пен көкөніс атаулының бәрі өседі. Жайық өзені де іргеде. Енді білмеймін, мұның бәрін өз күшімізбен қалпына келтіре алмайтынымыз анық.

«Жайық» бау-бақша серіктестігінде өрттен 40 гектар жер зардап шегіпті. Тілсіз жауды ауыздықтауға түрлі сала бойынша 200-дей қызметкер мен 20 шақты техника тартылды. Орман алқабында тұтанған өрт қатты желдің күшімен лезде саяжай аумағындағы үйлерді шарпыған.

Анатолий Махров, Орал қаласының тұрғыны:

– Біз мұнда балаларымызды алып жиі келетінбіз. Таза ауа болған соң осы жерде қонып та қалып жүрдік. Әне бір жерде балалар құмның үстінде асыр салып ойнаса, мына арада демалып отыратын орын жасап едім. Енді оның бірі де жоқ. Бәрі күлге айналыпты.

Анатолий Пудовкин, Орал қаласының тұрғыны:

– Өртті әрең сөндірдік. Қайта жазда жинаған суды ағызып тастамап едім. Соным жақсы болды. Әйтпесе, сол мезетте электр жарықы болмаған соң су соратын құрылғы да істемей қалды. Шығын көлемі орасан зор деп ойлаймын.   

Орал қаласының іргесіндегі «Автомобилист» және «Арматурщик» серіктестіктерінің маңайында құрғақ шөп, бұта мен орман алқаптары өртенді. Сонымен бір мезгілде Бәйтерек және Теректі аудандарына қарасты бау-бақша серіктестіктері де отқа оранған. 

Нұралы Мүсиев, облыстық ТЖД бас маманы:

– Сонымен қатар Теректі ауданының Әйтиев ауылында, Бәйтерек ауданының Озерное ауылында өрт орын алды. Озерный ауылына қарасты Шолпан қыстағында 30 адам құтқарылды. Ол адамдар қазіргі таңда үйлеріне қайтарылды.

Мамандар бұл оқиғаны табиғи апат деп бағалап отыр. Шығын көлемін есептеу мақсатында арнайы комиссия құрылады. Сондықтан зардап шеккен саяжай  иелері шығынды өтеу жөнінде белгіленген нұсқадағы арызын ұсынуы қажет. Ал өтемақы облыстық қор есебінен өтелмекші.   

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов, Қанат Махмұтов

Хабар 24 телеарнасы