389,59 429,68 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Үкімет Семейдің кешенді даму жоспарын қабылдады

  • 107
  • UPD: 22:33, 08.10.2019

Үкімет Семей қаласының 2020-2025 жылдарға арналған кешенді даму бағдарламасын қабылдады.

Бұл туралы Премьер-министр Асқар Маминнің шаһарға жасаған жұмыс сапары кезінде айтылды.

Маңызды құжат бойынша алдағы 5 жылға 260 миллиард теңгеден астам қаражат қарастырылады. Оның 183 миллиард теңгесі республикалық және жергілікті қазынадан бөлінсе, қалғаны жеке инвестициялар есебінен. Бұл жобалар еліміздің рухани-мәдени ордасын түлетеді дегенге сенім мол.

Бұған дейін Семей қаласының 2013-2017-жылдарға арналған кешенді даму бағдарламасы сәтті жүзеге асықн болатын. Ал алдағы 5 жылдың ішінде қомақты қаражат инженерлік инфрақұрылымды жетілдіріп, кәсіпкерлік пен агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға, әлеуметтік нысандар салуға бағытталады. Нәтижесінде 4 мың жаңа жұмыс орны ашылып, өңірлік өнім өндіру көрсеткіші 1,6 есеге артпақ. Қала жұртшылығымен кездесуде Үкімет төрағасы Семей қаласының дамуы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың үнемі назарында екенін атап өтті. Ал 2025 жылға дейінгі кешенді жоспар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасы бойынша қабылданып отыр. Кездесуде қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына дайындық шаралары да пысықталды.

Асқар Мамин, ҚР премьер-министрі:

– Мемлекет басшысының жарлығына сәйкес келесі жылы қазақ халқының ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы өткізіледі. Осы іс-шара мемлекеттік деңгейде өткізіледі. Арнайы мемлекеттік комиссия құрылды. Қазіргі таңда дайындық шаралары пысықталуда. Мерейлі датаны ЮНЕСКО, ТҮРКСОЙ ұйымы аясында тойлау көзделген. Абайдың туған жеріне әлемнің жан-жағынан қонақтар келеді. Сондықтан біздің басты міндетіміз – жоспарланған іс-шаралардың бәрін жоғарғы ұйымдастырушылықпен және мазмұндық деңгейде өткізу болып табылады.

Жұмыс сапары кезінде Асқар Мамин «СемАЗ» және «ДЭУ Бас Қазақстан» кәсіпорындарын аралап, отандық техникаларды көрді. Сонымен қатар жаңадан бой көтеріп келе жатқан «Қарағайлы» шағынауданындағы атқарылып жатқан шаруалармен танысты.

Әсемқан Досқожанов, «Семаз» ЖШС-нің бас директоры:

– 500 жұмысшы істейді, оның бәрі біздің Семей колледждерінен, Шәкәрім университетінен келеді. Оңтүстік Кореяда 25 баланы оқыттық. Беларусь, Ресей зауыттарында балаларды оқыттық. Атырауда, елордада, Петропавлда, Жамбылда біздің аутобустар жүр. Ресейге көп автобус саттық. Келіссөздер жүріп жатыр. Шетелге де шығамыз ба деп отырмыз.

Николай Ушаков, қала әкімінің орынбасары:

– Жаңа «Қарағайлы» шағын ауданында 20-дан астам көп қабатты тұрғын үй бар. Бұл 1400 пәтер. Тағы 20 үй салынып жатыр. Ал келесі жылы 30-ға жуық көп қабатты баспана құрылысы басталмақ. Мұнан басқа әлеуметтік нысандар, спорттық сауықтыру кешені, мұз сарайы да бой көтеріп, жаңа шағын ауданның көркін аша түспек.

Семей қаласын дамытудың жаңа кешенді жоспары қала халқының әлеуметтік жағдайын жақсартып, тұрмыс сапасын жоғарылатуы тиіс. Сондықтан маңызды құжаттың сапалы әрі уақытында атқарылуы Үкіметтің қатаң бақылауында болады.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Берік Жобалайұлы

Хабар 24 телеарнасы