389,59 429,68 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Арыстың бүгіні

  • 339
  • UPD: 18:26, 09.10.2019

Арыстағы апат болғалы бері 3 айдан астам уақыт өтті.

Бұл аралықта жарылыстан қираған қаланы қалпына келтіру жайы күн тәртібінен бір сәтке түскен жоқ.

Мұқым ел жұмылған ауқымды шаруаға Елбасы мен Мемлекет басшысы тікелей бақылау жасады.

Арыста болған апаттан балабақша, мектеп, мәдениет үйі, спорт кешені және аурухана сияқты жалпы саны 67 әлеуметтік нысанға зақым келді. Соның бірі – аудандық орталық аурухана. Жарылыстан аурухананың есік-терезесі мен қабырғалары және медициналық құрал-жабдықтары бүлінген болатын. Қазір бәрі бастапқы қалпына келтірілді.

Ерғали Әлімбаев, Арыс аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері:

– Қай жағынан алсаңыз да, көз тартарлық ғимарат қайта қалпына келтірілді. Көптеген қайырымдылық қорлар, Үкімет тарапынан құрал-саймандар, медициналық жабдықтар әкелініп жатыр. Мұның бәрі біздің аурухананың тұрғындарға көрсететін қызметінің сапасын жақсартады деп ойлаймыз.

Арыста 8 мыңнан аса үй болса, соның 100-і көп қабатты тұрғын үй. Әскери қоймада болған жарылыстан кейін 7169 үйге зақым келіп, ақау актісі жасалды. Дереу Арыс қаласы 17 секторға бөлініп, қалпына келтіру жұмыстары басталды. 6700-ге жуық баспана ағымдағы және күрделі жөндеуден өтті. 500-ге жуық үй сүріліп, қайта салынды. Үкімет пен халықтың қолдауының арқасында қала қалпына келтірілді.

Мұрат Қадырбек, Арыс қаласының әкімі:

– Онымен қоса қаланың инфрақұрылымы, кәріз жүйелері толығымен қалпына келтірілді. Қала аумағында екі қазандық бар тұрғын үйлерге жылу беретін. Олардың барлығы күрделі жөндеуден өтіп, толығымен пайдалануға берілді. Жылыту маусымына дайын. Қала жүз пайыз сумен қамтылып отыр. Көшелерге асфальт салу, жаяу жүргіншілер жолын салу, жарықтандыру жұмыстары толық аяқталды.

Арысты қалпына келтіру жұмыстарына 10 мың жұмысшы мен 200 арнайы техника жұмылдырылды.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш

Хабар 24 телеарнасы