389,59 429,68 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Маңғыстау облысында төрт түлік саны 10%-ке көбейген

  • 104
  • UPD: 09:00, 09.10.2019

Маңғыстау облысында төрт түлік саны өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 10%-ке көбейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір облыс халқының қолында 710 мың бас мал бар. Оның 540 мыңы қой мен ешкі, 67 мыңы түйе, 79 мыңы жылқы болса, 21 мыңнан астамы сиыр. Былтыр бөлінген 1 млрд 300 млн теңге төрт және 6%-пен тұрғындарға несиеге берілді. Биыл да осыншама қаржы қаралған. Қазір оның 80%-і игерілді. Нәтижесінде мұнайлы өңірде мал сүтін сауып, ет-жүнін ішкі нарыққа шығаратын азаматтар саны көбейіп отыр.

Жері қазба байлыққа толы Маңғыстау өңірінде ауыл шаруашылығы кенжелеп дамыған деген пікірді жоққа шығарып жүрген азаматтар көп. Соның бірі – Данияр Тұрғынов. Іскер азамат Түпқараған ауданында жылына бес мың тонна құс етін өндіретін фабрика салып жатыр. Құрылысының 90%-і аяқталған. Жоба құны 3 млрд теңге, оның 30%-ін кәсіпкер көтерсе, қалғаны несие қаржысы. Нысан ашылған соң 150 жұмыс орны құрылмақ.

Данияр Тұрғынов, құс фабрикасының директоры:

- Бұл құс фабрикасының өзгешелігі – ол төрт алаңнан тұрады. Біріншісі, инкубаторлық цех. Жұмыртқадан балапанды шығарамыз. Ол балапанды осы құс ұстау ғимараттарына алып келіп, бағып өсіреміз. Өскен соң ол басқа цехта сойылады. Мұздатылған күйде Маңғыстау халқына жетіп отырады.

Маңғыстау өңірінде мал бағып, ет-сүт өнімін нарыққа шығарамын деген шаруалар 7 жылға төмен пайызбен несие алып жатыр. Осы мақсатқа биыл 1,5 млрдқа жуық қаражат қаралған. Жыл соңына дейін тағы 285 млн теңге бөлу жоспарда бар. Жеке шаруа қожалықтарының жетекшілерін қаржылай қолдау шаралары мұнымен шектелмейді.

Серік Қалдығұл, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

- «Инвест-субсидия» деген бар. Өзіңіз ірі субъекті салсаңыз, айталық агроөнеркәсіп кешенін. Биыл соған 780 млн теңге бөлу қаралған. Біз қазіргі таңда осының 380 миллионын игеріп отырмыз. Бұл жылдың аяғына дейін тағы да игеретін боламыз. Өтінімдер бар. Айта кететін болсақ, сүт өнімдері шығарылып жатыр. Олар былтыр алған құралдарының 25%-іне 120 млн субсидия берілді. Бұл енді қайтарымсыз қаражат.

«Жайылымдарды суару» бағдарламасы да мал басын көбейтуді қолға алған маңғыстаулықтардың қолын ұзартты. Ауыз су тапшы өңірде құдық қазуға кететін шығынның 80%-і осы жоба арқылы қайтарылады. Аймақта соңғы бес жылда 300-ден астам шыңырау қолданысқа беріліп отыр.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев

Хабар 24 телеарнасы