389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Еліміз бойынша өтінім берген 18 мың шаруа қожалығы субисидия ала алмай отыр

  • 130
  • UPD: 10:45, 09.10.2019

Елімізде мал шаруашылығымен айналысатын 18 мың шаруа қожалығы субсидияға өтінім берген.

Алайда 2019-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бюджетті нақтылау жобасында бұл бағыт ескерілмепті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ауыл шаруашылығы министрлігінің есебінше, қосымша 36,5 млрд теңге қажет. Айтылған уәж, келтірілген дәйек Қаржы министрлігін қанағаттандырмады. Ал шаруалардың жағдайы қалай болады?

Еліміздегі ауыл шаруашылығы өнімдерінің 45%-ін мал шаруашылығы құрайды. Биыл саланы қаржыландыруға бюджеттен 77 млрд теңге бөлінген. Асыл тұқымды мал өсіріп, сапалы өнім өндіруге бет бұрғандар көп. Мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, шаруасын кеңейткен Игілік Тәутенов субсидиядан қағылатынын естіп, алаңдаулы.

Игілік Тәутенов, «Сивка-бурка» шаруа қожалығының басшысы:

- Субсидияны қазір алып тастайын деп жатыр. Алып тастаса, біздің жобамыз, ойлаған ойларымыз іске асырылмайды. Өте қауіпті нәрсе болып кетті. Қалай бұл шаруаны жүргіземіз? Қандай айлық төлейміз? Болашақта қандай шаруашылықта істейміз деп өзіміз шатасып отырмыз. Өйткені мемлекет бізге айтқан жоба осылай болды. Істеп отырғаны басқаша.

Фермерлер субсидияға иек артады. Енді кәсібін несие арқылы дөңгелетіп отырғандар ертеңінің қалай болатынын болжауға қорқады. Олардың айтуынша, саланы дамытуға ден қойғандар көп, бірақ қолбайлау болар кедергінің басы осы. Мысалы, қазірдің өзінде 18 мың шаруаға 36,5 млрд теңге субсидия қажет. Бұл ұсынысты Ауыл шаруашылығы министрлігі бюджетті нақтылау бойынша заң жобасына енгізуді сұраған. Алайда, Қаржы министрлігі саланы қаржыландырудың тиімділігіне күмәнді.

Берік Шолпанқұлов, ҚР Қаржы вице-министрі:

- Ауыл шаруашылығы министрлігінен өтініш түсті. Біз өз тарапымыздан субсидиялаудың тиімділігіне дәлел ұсынуды сұрадық. Әрбір дерек қаралады. Бірақ бюджетті нақтылау сәтінде бұл дәлелдер келтірілмеді. Біз толыққанды сараптама сұраған болатынбыз. Қазына қаржысы нақты қайда жұмсалатынын білгіміз келді. Бірақ жолданған құжаттар бізді қанағаттандырған жоқ.

Депутаттардың біразы бюджеттің бұлай қабылдануына түбегейлі қарсы. Олар да шаруалардың жағдайы ескерілмегеніне наразылық білдірді.

Мұрат Теміржанов, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты:

Сіздер асыл тұқымды мал шаруашылығы мен саладағы өнімділікті арттыруға бағытталуы тиіс 36.5 млрд теңгені бюджетке енгізбей отырсыздар. Осы арқылы дүкен сөрелерінде ел тұтынатын еттің болмай қалатынын қалай түсінбейсіздер? Бұлар бір-бірімен байланысты дүниелер ғой. Қазірдің өзінде шаруаларымыздың жағдайы мәз емес. Күн райы қолайлы болмай кетті, қуаңшылық тағы бар. Біз биыл астықты аз жинаймыз. Сіздер экономиканың нақты саласын қолдаудан қағып отырсыздар.

Ауыл шаруашылығы министрлігі бұл қаржының көктемгі бюджетті нақтылау жобасына да енбей қалғанын айтады. Олар былтырғы шығынды биылғы қазына есебінен өтеген. Жағдай тағы қайталанды.

Нәтижесінде арнайы жұмыс тобы құрылып, субсидиялаудың тиімділігі жан-жақты пысықталған. Қорытындысы дайын.

Еркебұлан Ахметов, ҚР АШМ департамент директоры:

Ол қорытынды «Атамекен» ҰКП арқылы берілді. Ол жерде мал шаруашылығы бойынша қолданыстағы субсидиялау механизмінің тиімділігі көрсетілген және мемлекеттік органдарға осы бағыттар бойынша субсидия көлемін арттыру бойынша ұсыныс берілген. Осы мәселе барынша пысықталған мәселе. Бұл жерде қандай да бір құжаттардың берілмеуі не дұрыс пысықталмауы деген сөз орынсыз.

Жалпы министрлік жыл сайын қолданыстағы субсидиялаудың тиімділігін екшеп отырады. Соның айғағы болар, бұған дейін салада 54 түрлі жеңіл несие ұсынылса, былтыр оның саны 34-ке азайды. Жыл басынан бері 38,5 мың шаруа қожалығы қаржылық қолдауға ие болған. Нәтижесінде өнімділік 12%-ке артты. Ал болашағы бұлыңғыр болып тұрған 18 мың шаруа қожалығы әлі де қолдаудан үмітті. Бұл мәселеге нүкте келер айда қойылуы мүмкін.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Марат Дихамбаев

Хабар 24 телеарнасы