389,59 429,68 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қарқаралыда Абайдың тасқа қашалған көркем бейнесі орнатылды

  • 109
  • UPD: 13:50, 09.10.2019

Қарағанды облысының Қарқаралы қаласында тұратын Манарбек Кәрім хакім Абайдың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында жерлестеріне керемет тарту жасады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Он саусағынан өнер тамған шебер ұлы ойшылдың көркем бейнесін тасқа қашап, оны шаһардағы екі ғасыр бұрын салынған көне ғимараттың алдына орнатқан. Дәл осы көк шатырлы үйге бала Абай әкесіне еріп, талай рет қонақ болып түскен деген дерек бар. Демек, Құнанбай тоқтаған үйдің қожайыны да тегін адам болмаса керек.

Ардақ Асылханұлы, тілші:

- Шебер Абайдың алып тұлғасын мына үлкен тасқа үш күн қашап салыпты. Күрделі жұмысты аяқтауға ұлы Ерғазы көмектескен. Салмағы екі жарым тонна болатын тау тасын әуелі шеберханасына, кейін көне ғимарат алдына жеткізу оңайға соқпапты.

Манарбек Кәрім, Қарқаралы қаласының тұрғыны:

- Күнбатыс жақта Қорғантас деген тау бар. Ол енді ертеде қалмақтармен соғыс болған тау. Сол жерде осындай үлкен тастар бар. Трактормен барып, үйдің ауласына алып келіп, салдық. Әуелі пішінді балам келтірді. Одан кейін құралмен қашап, екі жақтап салдық.

Көк шатырлы көне үй татар көпесі Халиолла Бекметовке тиесілі. Оны әкесі Хамит Қоянды жәрмеңкесіне Қазаннан тауар тасып жүргенде ұлына арнап салғызыпты. Халиолла 4 әйел алған, оның бірі қазақ және Тобықты руынан болған. «Құнанбайдың баласымен дәл осы үйге тоқтауының бір сыры осында», - дейді тарихшылар.

Дана Әлиева, Қарқаралы аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің маманы:

Тек қана бір-ақ рет келмеген. Әкесі аға сұлтан болып жүргенде үнемі келген. Ал Әуезовтің «Абай жолы» романында осы үй жақсы суреттеледі. Абай Қарқаралыға нағашы жұртына келгенде татардың көк төбелі үйіне түскен деп жазылған. Жастардың Абайды қалай қарсы алғаны, ойын-сауығы барлығы жазылады. Сонда Абайдың жастық дәурен кезеңі де осы үймен тығыз байланысты.

Осыдан екі ғасыр бұрын бірде-бір шегесіз ағаштан өріліп салынған ғимараттың біраз бөлігі байларды кәмпескелеу кезінде өртеніп кеткен. Бірақ кейін қайтадан қалпына келтірілді. Үйдің жертөлесінде шаруашылық бөлімдері орналасқан. Ал әр бөлмесінде ерекше әсемделген голландық пештер әлі де бар. Тәуелсіздік алған жылдары мемлекеттік қорғауға өткен соң, ғимаратта түрлі мекеме ұжымдары отырды. Ал қазір аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі орналасқан.

Ғимараттың оң қанатындағы дәл осы қонақ бөлмеде Құнанбай қажы мен баласы Абай бірнеше мәрте мейман болған деседі. Қазір мұнда өлең-жырға жаны құмар жастар жиі бас қосады. Тарихи ғимаратты көруге аракідік туристер де келіп тұрады екен. Сондықтан ұлы ойшылдың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында бұл бөлмені мұражай ету жоспарда бар.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин

Хабар 24 телеарнасы