389,86 435,60 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ШҚО-да көп балалы аналарға жергілікті кәсіпкерлер көмектесіп жатыр

  • 126
  • UPD: 22:10, 09.10.2019

Шығыс Қазақстан облысындағы ауылдарда тұратын көп балалы аналарға жергікіті  кәсіпкерлер көмектесіп жатыр. Нәтижесінде тек биыл аймақта 230 отбасы баспаналы болды. Меценаттар арнайы құрылған қорға қомақты қаржы аударып келеді.

Сол қаржығы мұқтаж отбасыларға баспана беріледі. Қатон-қарағай ауданындағы Үлкен Нарын ауылдық округінде осы жазда 10 отбасы басыбайлы баспаналы болды. Енді ол отбасылар жеке кәсіп аша бастады.

Надежда Константинова –  жалғыз басты ана. Бес баласын өзі бағып-қағып отыр. Анасы үй шаруасымен шұғылданғанда егіз екі үлкен қызы іні қарындасына қамқор болады. Көпбалалы отбасы енді шағын шаруашылықпен айналыса бастады. Үлкен балалар бос уақытында  құстарды жемдеп, аналарына қолғанат болып жүр. Ал ең бастысы осы жазда жаңа үй алды. 

Светлана Константинова, оқушы:

- Бұл үй өте жақсы. Ұнайды өзіме. Қабырғасы, терезесі бәрі жаңа. Ал ескі үйіміз бұдан нашар болды. Қабырғалары жұқа, өте тар болатын.  Енді мынау  жаңа үй деп айтуға болады. Қуаныштымыз. Тауық. Үйрек балапандарымыз бар. Біз соларды жемдейміз.  

Надежданың болашақтан үміті  зор. Тауық пен үйрек-қаз асырай бастады. Ол үшін жас анаға мемлекет 505 мың теңге грант берді. Осы қаржыға құс сатып алған. Енді инкубатор алып, жұмыртқа шығаруды жоспарлап отыр. Ауданда тауық етіне сұраныс өте жоғары. 

Надежда Константинова, көп балалы ана:

-  Тауықтың сан етін бізге  мүлде басқа ауданнан әкеледі. Ол өте қымбат. Сондықтан құс асырау өте тиімді. Бастапқыда аздаған қиындық  болар. Бірақ  бұл біздің отбасының бірден бір табыс көзі. Балаларымды асырап-жеткізудің бірден бір жолы. Өз маңдай теріммен тапқан ақша екенін сонда олар да түсінеді. 

Әзірше көп балалы жас ана мемлекеттен атаулы көмек алып отыр. Ал аудандағы басқа жан саны көп шаңырақтардың мұқтаждығы біртіндеп шешіліп жатыр. Жұмысқа орналыстырып, баспанамен қамту жағы кезең-кезеңмен қолға алынбақ.

Алмаз Құрманғалиев, Үлкен Нарын ауылдық округі әкімінің орынбасары:

- Біздің ауылдық округте 125 көп балалы отбасы бар. Осы 2019 жылы облыстық қордан бөлінген қаржығы 9 отбасыға баспана әпердік. Олардың бәрінде басыбайлы баспаналары болмаған. 

Жалпы облыста бүгінде 19 мың көпбалалы отбасы атаулы әлеуметтік көмек алып отыр. Ол үшін республикалық бюджеттен 11,5 миллиард, ал облыстық қазынадан тағы 950  миллион теңге қосымша бөлінген.

Авторлары: Олжас Керейхан, Аслан Төлепов

Хабар 24 телеарнасы