389,71 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Нұр-Сұлтандағы үйлерге табиғи газ келетін уақыт таяп қалды

  • 143
  • UPD: 23:19, 09.10.2019

«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының жауапкершілігі аясында «Сарыарқа» газ құбырының құрылысы межеленген мерзімде аяқталды. Сөйтіп, Қызылорда мен Нұр-Сұлтан арасындағы 171 елді мекенге табиғи газ келетін уақыт жақындай түсті. Ұзындығы 1061 шақырымды жететін ауқымды жобаның жалпы құны 267 млрд теңге.

Егемендік алғалы еліміз бойынша жүзеге асқан ең ауқымды жоба. «Сарыарқа» газ құбыры орталық және солтүстік өңірлерін, сондай-ақ ел ордасы Нұр-Сұлтан қаласын табиғи газбен қамтитын болады. Бас-аяғы 8 айда межелі мақсат орындалды. Бүгін газ құбырының «алтын бөлігі» дәнекерленді. Сөйтіп, құбырдың желілік бөлігінің құрылысы ресми түрде аяқталды. 

Ахметжан Есімов, «Самрұқ-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ Басқармасының төрағасы:

- Бұл Елбасының 5 әлеуметтік бастамасының бірі. Бүгінде ең ірі инфрақұрылымдық нысан саналады. Қалған техникалық жұмыстар қараша айында аяқталады. Әрі қарай жергілікті әкімдіктер Нұр-Сұлтан, өзге де аумақтарды газға қосады. Жобаның екінші кезеңінде құбырды Солтүстік Қазақстанға жалғаймыз. Ауқымды жұмыс атқарылды. Мен құрылысқа қатысқан барлық адамдарға алғыс білдіремін. 

«Сарыарқа» газ магистралінің бірінші кезеңі үшін 267,3 млрд теңге жұмсалды. Ахметжан Есімов газ бағасының халыққа қолжетімді болатынына сенімді. Ал құрылыстың дер шағында аяқталып, қолданысқа берілуі, үлкен еңбек пен жауапкершілік жемісі.

Сағидолла Мақашов, бас мердігер:

- Біз Қазақстанда тұңғыш рет америкалық дәнекерлеу технологиясын қолдандық. Негізгі құрылысқа қажет жабдықтарды Ресейден, отандық өндірушілерден алдық. Желтоқсанның соңында құбырларды газға толтырамыз. Технологиялық талап бойынша, алдымен интертті газ, кейін табиғи газ жіберіледі. Одан кейін тұтынушыларға тарата беруге болады. 

Айтпақшы «Сарыарқа» газ құбырының игілігін 171 елді мекен көреді. Демек, 2 миллионға жуық қазақстандық көгілдір отынды тұтынатын болады. Жұмыспен қамтылатыны қаншама. Сондай-ақ, өңірлерде шағын және орта бизнес дамиды, инвестиция тартылады. Бастысы, экология реттеледі.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Ермек Кеншімбек

Хабар 24 телеарнасы