389,71 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Асқар Мамин жұмыс сапарымен өңірлерді аралады

  • 128
  • UPD: 22:48, 09.10.2019

Шығыс Қазақстандағы көлік құрастыратын кәсіпорын жыл басынан бері жалпы құны 8 млрд теңге болатын 406 автобус шығарған. Бұл өткен жылдардың көрсеткішінен 6 есе көп. Ал Семейдегі жеңіл өнеркәсіп кәсіпорыны жылына 20 мың дана аяқ киім шығара бастады.

Аймақтың даму қарқынымен Үкімет басшысы Асқар Мамин танысты. Бұдан кейін премьер-министр Алматы және Қарағанды облыстарына жұмыс сапарымен барып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев берген тапсырмалардың орындалу барысын бағамдады. 

Шығыстың минералдық-шикізаттық қоры бай. Менделеев кестесіндегі элементтердің біразын осы өңірдің қойнауынан табасыз. Үкімет басшысы Асқар Мамин Аягөз ауданындағы Ақтоғай кен орында болды. Бұл әлемдегі әлі толық игерілмеген ірі мыс кеніштерінің бірі. Кеніштің минералдық ресурсы 1,7 млрд тоннаға жуық. Ақтоғай тау-кен комбинатының қуаттылығы жылына 25 млн тоннаға жетеді. Сондай-ақ Үкімет басшысы «Өскемен-Талдықорған» автожолы құрылысы жобасының іске асу барысын көрді. Биыл 198 шақырым жол пайдалануға берілуі тиіс. Қалғаны келесі жылы аяқталады. Оған қоса «Қалбатау-Майқапшағай» тасжолын жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Жыл соңында 45 шақырым жолда қозғалыс жанданады.

Олжас Ахметов, «Қазавтожол» ҰҚ» ШҚО филиалы директорының орынбасары:

- Бұл жолдардың құрылыс жұмыстарына жергілікті тұрғындар тартылады. Яғни, осы жолдар өтетін ауылдар мен қалалардың тұрғындары жұмыспен қамтылады. Сондай-ақ, республикалық маңызды жолдардың құрылыс сапасын қатаң бақылап отырамыз. Технологияның, қолданылып жатқан материлдардың сапа көрсеткішін талап етеміз.  Үздіксіз мониторинг жүргізіліп отырады.

Премьер-министр Асқар Мамин Өскемен қаласындағы онкология және хирургия орталығының, роботтандырылған хирургия және ангиохирургия мен трансплантология орталықтарының жұмысымен танысты. Сондай-ақ өңірдің инвестициялық әлеуетін көрсетуге арналған шоурумды көрді. Мұнда  өндіріс саласын цифрландыру, стартап жобаларды іске асыру сияқты жобалар бар.

Әсем Нүсіпова, ШҚО әкімінің орынбасары:

- Медицина саласына заманауи жоғары технологиялы жабдықтар сатып алынды. Өскеменде үшінші деңгейлі инсульт орталығы ашылды. Аягөзде екінші деңгейлі инсульт орталықтары пайдалануға берілді. Өңірдің 320 мыңнан астам тұрғыны сапалы медициналық қызметпен қамталды.

Үкімет басшысының сапары Алматы облысында жалғасты. Асқар Мамин ұзындығы 314 шақырым болатын «Өскемен-Талдықорған» жолын жаңарту жұмыстарын көрді. Сондай-ақ 284 шақырымға созылған «Үшарал-Достық» автожолы құрылысының жобасымен танысты.

Қарағанды облысында да жолдарды жаңарту жұмыстары жүріп жатыр. Мысалы, «Қарағанды-Балқаш» жолының 40 шақырымы биыл ашылады. Қалғаны келесі жылы пайдалануға беріледі. Ал «Қарағанды-Теміртау» және Қарағанды айналма жолдарындағы жұмыстар биыл аяқталып, 61 шақырым жаңа жол тапсырылады.

Берік Қамалиев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі:

- Үкімет басшысы Шығыс Қазақстан, Алматы және Қарағанды облыстарындағы жол-құрылыс жұмыстарының қарқынын арттыруды тапсырды. Себебі, жоғарыда аталған жолдар аймақтың транспорттық инфрақұрылымы және экономикалық байланыс үшін өте маңызды. Премьер-министр келесі жылы «Талдықорған-Өскемен» және «Қарағанды-Алматы» жолдарындағы қозғалысты жандандыруымыз керек деді.

Авторы: Ақсәуле Байменшина

Хабар 24 телеарнасы