389,59 429,68 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Маңғыстау облысында цифрландыру саласында 30 жоба жүзеге асырылды 

  • 111
  • UPD: 08:23, 10.10.2019

Маңғыстау өңірінде «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы бойынша 30-дан астам жоба нәтижелі жүзеге асқан.

Жыл соңына дейін Ақтауда тағы үш инновациялық бастама қолданысқа берілмек. Цифрлық үлгідегі құрал-жабдықтар қала қауіпсіздігін арттыруға да сеп болып отыр. Қазір облыс орталығында 600 бейнебақылау камерасы бар. Осы тектес 150 құрылғыны Жаңаөзен көшелерінен көруге болады. Смарт-жобалар мұнымен шектелмейді. Биыл қала тұрғындары «109» бірыңғай диспетчерлік орталығының қызметін қолдана бастайды.

Соңғы жылдары Каспий жағасындағы шаһарға «Smart City» жобасының элементтері қарқынды енгізіліп келеді. Отандық телеоператор мен аймақ әкімдігі арасында әріптестік меморандум бекіген. Оның аясында жүзеге асқан инновациялық бастамалардың шарапатын тұрғындар көріп отыр. Мәселен, онлайн режимдегі бейнебақылау жүйесі қала аумағында кең қолданыста. Бұл құрылғылар кісі көп жүретін орындар мен жағажайларда заңбұзушылықтардың жолын кесуге ықпал етіп отыр.

Нұрсұлтан Қынатов, қалалық полиция басқармасы ЖПП инспекторы:

– Теңіз жағалауында орнатылған бейнебақылау арқылы тәулігіне 24 сағат жағажай қауіпсіздігін бақылап отырамыз. Осы цифрлық құрылғы арқылы суға батып жатқан адамдарға жедел көмек жібере аламыз. Бұл құрылғының ұзақтығы 350 метрге дейін алады және 360 градусқа айналып көрсетіп бере алады.

Туристік әлеуметі жыл санап дамып келе жатқан қала жағажайына жылдың басынан бері тегін Wi-Fi тарату құрылғылары қойыла бастады. Сондай-ақ алты аялдамада цифрлық кітапханалар пайда болды. Мұнда қазақ жазушыларының шығармалары сандық үлгіде жазылған. Сондай-ақ әлем әдебиетінің озық туындыларын смартфон көмегімен оқуға болады. Ақтаулықтар енді «109» бірыңғай диспетчерлік орталығының іске қосылуын күтіп жүр.

Әділет Қиясов, облыс әкімі аппараты жанындағы цифрландыруды дамыту бөлімінің жетекшісі:

– Біздің тұрғындарымыз өздерінің тұрмыстық жағдайлары бойынша туындаған сұрақтарын «109» номері арқылы шеше алады. Мысалы, жарықтың өшуі, лифтінің жұмыс жасамай қалуы, судың тоқтап қалуы сұрақтары бойынша әр түрлі желілерге қоңырау шалатын болса, келер жылдан бастап тек қана бір «109» нөміріне соғып, барлық сұрақтарын шеше алады.

Ақтауды цифрландыруға бағытталған тың жоба қараша айында сынақ түрінде іске қосылуы тиіс. Электронды көрсетілетін қызмет түрі келер жылы өңірге қарасты екі қала мен бес аудан тұрғындарына да қолжетімді болмақ.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев

Хабар 24 телеарнасы