389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтауда миллион адамда бір рет қайталанатын ерекшелікке ие қыздар тұрады

  • 159
  • UPD: 18:03, 10.10.2019

Ақтаудағы Қалағановтар жанұясы ерекше қыздарды тәрбиелеп отыр.

Арасы 13 жас жеткіншектердің ақшыл түсті қас-кірпігі мен шашы сырт көзге бірден байқалады. Бір қызығы, олардың бауыры Алдиярда мұндай өзгешелік жоқ. Әлеуметтік желілерде альбинос балалар туралы ақпарат шыға салысымен, ата-анасына сән үйлерінен толассыз шақыртулар түсе бастапты.

Әсел 14-те, ал Кәмила бір жастан енді асты. Олардың альбинизм белгісімен дүниеге келуі әке-шешесі үшін жаңалық болмаған. Өйткені бұған дейін олардың жақындарында ақ адамдар туылған көрінеді. Тұқым қуалайтын ерекшелік бұл отбасының тек қыздарына берілген екен.

Айман Сарқытова, қала тұрғыны:

– Шүкір, үш баламыз бар. Екі қызым да альбинос. Бірінші қызыма жүкті болған кезде ешқандай нәрсе білдірткен жоқ. УЗИ-ға, томографияға түстім. Туылған кезде белгілі болды. Ақ қыз туылғанына бірінші кезде таң қалдым. Алланың бергені ғой, деп ойлап қойдым. Мұндай ерекшелік ата-балаларымызда болған. Екі жақта да альбинизм бар.

Альбинос қыздардың көшеге шығуы үшін әжептәуір дайындық керек. Олардың терісі өте нәзік әрі сезімтал. Әсіресе жаз айларында ерекше күтім қажет. Күн көзіне көп шықса, тері қызарып, тез зақымданады. Сол үшін денесінің ашық жерлеріне күннен қорғайтын крем жағып жүрмесе болмайды. Сондай-ақ үнемі қара көзілдірік тағады.

Әсел Қалағанова, оқушы:

– Қара көзілдірікті күн бұлыңғыр күндері де тастамай киемін. Кешқұрым ғана көзімді еркін ашып, көшеде жүре аламын. Бала кезімде өзім қатарлас ұл-қыздар алдымен қызықтап қарап, кейін мазақтайтын еді. Сол кезде ерекше туылғаныма қайғыратынмын. Бой жете келе ойым өзгерді. Келешек сән үлгілерін көпшілік алдына көрсететін модельер болуды армандап жүрмін.

Альбинос адамдардың терісі, шашы мен кірпігі ақ болса да, көздері түрлі түске еніп, күніне бірнеше өзгеретін қасиетке ие. Мұндай ерекшелік дарыған ақтаулық қыздарға еліміздегі сән үйлері мен журналдар қызығушылық танытып отыр. Отбасылық фотосуреттерді өз өнімдерін жарнамалауға қолдануға рұқсат сұраған ұсыныстар көбейе бастады. 

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев

Хабар 24 телеарнасы