389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елорда тұрғындары жаяу жүргіншілер өткелінің аздығына алаңдаулы

  • 126
  • UPD: 20:49, 10.10.2019

Елордада жол-көлік оқиғасының көбі жаяу жүргіншілердің қатысуымен болады. Оны жол сақшылары айтып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал, тұрғындар болса, жүргіншілер өткелінің жоқтығын, жолақ жолдың аздығын алға тартады. Дәл осы жаяу жүргіншілер жолағы мен жол өткелдерінің аздығын бірер күн бұрын ел Президенті сынға алған. Жағдай қашан оңалады?

Айнұр Қуатқызы, тілші:

Басқасын былай қойғанда, дәл осы елордада жаяу жүргіншілерге арналған жолдар аз. Оны біз емес, Мемлекет басшысы да айтып, сынға алған болатын. Ал, мынадай жерасты жолдарының саны 10-ға жетпейді.

Нұр-Сұлтанда жаяу жүргіншілерге арналған өтпе жолдардың санын арттыру қажет. Бас қаланы одан ары дамыту мәселелері жөніндегі Мәжілісте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қала билігіне осындай тапсырма берген болатын.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қаланың көптеген ауданында абаттандырылған жаяу жүргіншілер жолағы мен өтпесі жоқ. Бұл жаяу жүргіншілердің өмірі мен денсаулықтарына қатер тудырады. Шындығында машиналар жүріп жатады және адамдар көшені қиып өте алмайды. Жолдан жүгіріп өтіп, жол қозғалысы ережесін бұзуға мәжбүр болады. Сол арқылы өзіне де, жүргізушіге де тәуекел тудырады. Барлық өркениетті қалаларда жаяу жүргіншілерге арналған өтпелер бар. Сіздер жүргізушілер үшін жағдай жасап, қала тұрғындарының қажеттігіне қамқорлық танытпай отырсыздар. Міне, сондықтан олар жолдан жүгіріп өтеді. Сіздер осындай дұрыс жобалармен айналысып, көпірлер, өтпелер салыңыздар. Жаһанданумен әуестенудің қажеті жоқ.

Тек, бас қаладағы өтпе жолдың өзінде жыл басынан бері 6 адам жан тапсырды. Жүзден астам адамның өміріне қауіп төнген. Ал, жол сақшылары болса бұны жаяу жүргіншілердің салғырттығына артып отыр.

Бауыржан Тоқжұман, қалалық әкімшілік полиция басқармасы бөлімінің аға инспекторы:

- Егер де жаяу жүргінші белгіленбеген жерден өтіп, жол-көлік оқиғасын тудырса, шығын келтірсе немесе дене жарақатын алса, жаяу жүргінші 615-баптың 2-тармағы бойынша әкімшілік жауапқа тартылып, 10 АЕК айыппұл төлейді. Асығып тұрады. Жаяу-жүргіншіге арналған жер 50 метрде орналасады. Бірақ ерініп, керек емес жерден өтеді. Бұл көлік оқиғасын тудырады. 

Алайда, қала тұрғындары бас шаһардағы жаяу жүргіншілер жолдарының мектеп, балабақша сияқты нысандардың маңында аздығына налиды. Баласына алаңдаған ана мұндай жолақтардың балғындарға аса қажеттігін айтады.

Жадыра Қазыбекова, қала тұрғыны:

- Негізінде Республика бойы мен Бөгенбай жақта жаяу жүргіншілер жолы аз. Мысалы ол жақта екі-үш мектеп бар. Сол жерге балалар өту үшін анау жаққа айналып, бағдаршамға жүру керек. Сол жерде жаяу жүргіншілер жолы болса, жақсы болар еді.

Ресми деректерге сүйенсек, елордадағы көшелер саны 1000-нан асады. Қалада 7 жерасты және 4 жерүсті жаяу жүргіншілерге арналған өткел бар екен. Алып мегаполис үшін бұл жолдардың аздық ететінін қала билігі де жақсы біледі. Сондықтан алдағы жылдары жүргіншілер өткелін арттыратынын айтады.

Руслан Темірханов, қалалық көлік инфрақұрылымының құрылыстарын күрделі салу бөлімінің басшысы:

- Бүгінгі таңда Сығанақ көшесі бойынша Бейсекова және Тұран даңғылы аралығында 3 жаяу жүргіншілер өтетін жол жобаланып жатыр. Жоба жыл аяғына дейін аяқталады. 2020-2021 жылдары құрылыс жұмыстарын бастаймыз.

Өтпе жолдар өзектілігін жоймайтын мәселе. Алайда, жүргіншілер жолағы мен өткелдердің жоқтығы адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан қала билігі Президенттің бұл тапсырмасын ұзаққа апармай шешеді деген үміт басым.

Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Ерлан Наурызбаев

Хабар 24 телеарнасы