389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркістандық шаруалар жаңбырлатып суару технологиясын қолданатын болды

  • 140
  • UPD: 23:16, 10.10.2019

Түркістандық шаруалар бұдан былай жүгері мен бидай егуде жаңбырлатып суару технологиясын қолданады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгінге дейін 150 гектар алқапқа 4 техника орналастырылған. Енді жалпы құны 500 млн теңге болатын осындай 18 бірлік қондырғы сатып алынады. Жаңбырлатып суарудың артықшылықтарын «Хабар 24» Жандос Жұмабек біліп қайтты.

Жандос Жұмабек, тілші:

- Мына мыңдаған гектар алқап су болмағандықтан, осы уақытқа дейін қуарып, бос жатқан болатын. Жақында жергілікті шаруалар ақылдаса келе, ауыл шаруашылығы кооперативін құрып, бір орталыққа бірігеді. Кәсіпкерлер бұл жерге арық қазып, су әкелудің тиімсіз екенін түсініп, АҚШ-тан 4 бірлік жаңбырлатып суару машинасын алдыртқан.

Бақытжан Байжомартов, ауыл шаруашылығы кооперативінің төрағасы:

- Арыс – Түркістан каналы арқылы бізге су төрт жүйемен келеді. Мына жерде үлкен бассейн салынған. Шетінен су құйылып тұрады. Осы бассейннен қондырғылардың барлығына құбыр арқылы су жеткізіліп тұрады.

Жыл соңына дейін Түркістанға тағы да осындай 14 бірлік жаңбырлатқыш техника әкелінбек. Олардың біреуі шамамен күніне 20 гектар алқапты суғарады. Ені ұзын болса, одан да көп болуы мүмкін. Агрономдар суды 3 есеге дейін үнемдейтінін айтады. Шаруалар үшін тағы бір қуанышты жаңалық техника құнының 50%-ін мемлекет субцидия ретінде төлеп беретін болды.

Нұрбек Бадырақов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

- Бұл жердегі осы технологияның нәтижесіндегі жоғары өнім әрі қарай осы серіктестіктің 1200 басқа арналған сүт тауарлы фермасын жоспарлап отыр. Қазіргі таңда бизнес-жобалары, жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп жатыр.

Сусыз бос қалған алқаптардың қайта жандануы мен ірі сүт фермасының құрылысы Түркістан қаласының айналасындағы азық-түлік белдеуін құру жобасының бір бөлігі саналады. Кешенді жоспар бойынша қала маңында құны 63 млрд теңге болатын тағы да 7 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш

 

 

 

Хабар 24 телеарнасы